КВН-нен шыққан әзілкештер отандық кинонарыққа өлшеусіз үлес қосып жатса да, кәсіби актерлар оларды мойындауға құлықсыз. Сәбит Әбдіхалықов бір сұхбатында көңілді тапқырлар клубының жігіттерін, әртіс деп санамайтынын айтқан. Бірақ, бұл пікірмен Айгүл Иманбаева келіспей отыр.
Айгүл Иманбаева, әнші, актриса:
- Толыққанды келіспеймін мен бұл пікірге. Өйткені... КВН-нен шыққан біздің жігіттердің, Тұрсынбек бастаған театры бар ғой әзіл-сықақ театры. Ол жерде кәсіби драмалық актер ойнаса, ойнай алмауы мүмкін.
Әбдіхалықовтың экс-әйелі айтқан пікірге, кезіндегі Сәбиттің сахнадағы серігі де қосылады.
Жанатбек Бәйтеков, актер:
- Сәбит айтқанмен, мен айтқанмен олар әртіс болмайды немесе олар бізден әртіс шықпайды екен деп кетіп қалған жоқ. «Ел іші – өнер кеніші!» Бар, таланттар бар. КВН-нен шыққан таланттар бар.
Ал, өнер академиясының қабырғасында 4 жылын сарп етіп, актер мамандығын тәмамдаған Асан Мәжит үшін, тума таланттардың бағасы құндырақ.
Асан Мәжит, актер:
- Адам төрт жыл бойы оқып, өзін кәсіби актермын деп есептеуі мүмкін. Бірақ шын мәнісінде оның сахнада және экранда істеген жұмысымен, оны кәсіби екенін ажырата білу қиындау болып қалатын жағдайлар болып қалады.
Бүгінде, отандық киноиндустрияда қарқынды қызмет етіп жүргендердің көпшілігі - КВН түлектері. Олар өздерін сұранастағы актер, креативті режиссер ретінде де дәлелдеп үлгергендерін айтады. Сондықтан, сырт көздің сынына бас қатырып жүрген жоқ!
Асқар Бисембин, режиссер:
- Киноны, театрды кім басқарып жүр? «КВНщиктер!» Сондықтан енді «без комментариев» - деп айта салайын.
Дәурен Айдарқұлов, актер:
- Тәжірибе жүзінде мүлдем басқа болып жатқаннан кейін, халық өзі шешер енді қайсысы дұрыс екенін.
Иә, нағыз талантты таңдауды талғамы биік халықтың еншісіне қалдырдық. Ең бастысы баршасы қазақ өнерінің өркендеуіне аянбай тер төксе болғаны.