Нұрлан Батыров «Безумная женщина» комедиясын таспалауға кірісті. Вайнер бұл фильміне атышулы Айжан Байзақованы шақырған көрінеді. Дегенмен, Нұрлан сылқымға қатаң талаптар қойыпты. Қандай? Жауабын Батыровтың өзінен сұрап көрейік.
Нұрлан Батыров, актер, продюсер:
- Жаңа ғана Айжанның өзі менің жаныма келіп, ұсыныс білдірген соң, мәтінді бірге қайталап шықтық. Ал, арнайы талаптарға келер болсам, әрине ол заңды құбылыс. Байзақовамен келісімшартқа да отырдық.
Атышулы арудан өзге, Батыров өз комедиясына танымал вайнерлер мен әйгілі актерларды шақырған. Тіпті, картинада Баян Алагөзова да төбе көрсетуі тиіс еді. Алайда, азулы продюсер жеке себептермен түсірілімнен бас тартқан көрінеді. Есесіне, «Безумная женщинаның» сценариін жазуға киносыншы Карим Кадырбаевтың өзі кіріскен.
Нұрлан Батыров, актер, продюсер:
- «Безумная женщинаның» танымалдылығы әлеуметтік желі шекарасынан асуда. Көптеген оқырман бұл кейіпкер туралы толық метрлі туынды түсіруімізді сұрады. Сондықтан да, уақыт созбай «Безумная женщинаның» бағын кино саласында жағуға кірістік.
Толықметрлі лентада әрдайым бұйра шашты сылқымның жанынан табылатын Шако да ұмыт қалмапты. «Менің кейіпкерім, Безумная женщина мен оның жігітінің арасына от салумен болады» дейді ол.
Шәріп Серік, актер:
- Бұл енді, сондай бір өте күлкілі болады деп ойлаймын. Менің кейіпкерім, өзі «Шако». Мен өз-өзімді ойнайтын боламын. Жалпы бұл жоба біз үшін үлкен сынақ болайын деп тұр. Өйткені үлкен кино, көптеген адамдар бізбен бірге жұмыс істейтін болады.
Көптеген адам демекші, қалың бұқара картинада бас кейіпкерлерден өзге Жания Джуринская, Ерден Телемисов сынды актерлардың жұмысын тамашалай алмақ. Ал, комедиялық туындының тұсауы осы жылдың мамыр айында кесіледі деп күтілуде.