Тимур Бекмамбетов «Берлиналеде» жүлде алды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Германияда киносаласының ең ауқымды бәйгелерінің бірі - «Берлинале» өз мәресіне жетті! Байқау соңында режисерлердің бірі қуаныштан бөркін аспанға лақтырса, енді бірі бармақ тістеп қалды. Ал, әлем киногерлерінің арасында, танымал поп-әнші Эд Ширан не істеп жүр?!

Күллі әлем киногерлерінің басын қосқан салтанатта, әйгілі поп-әнші Эд Ширан да қадірлі меймандар қатарында. Өнерпаз айтулы шараға өзі туралы таспаланған деректі фильмнің тұсауын кесу үшін келген.

Танымал орындаушы туралы байопикті түсіруге, Эд Ширанның туысқан ағасы кіріскен. Онда өнерпаздың әнжинақ жазу барысындағы әрбір сәті  боямасыз көрсетіледі. Сондай-ақ, лента арқылы жанкүйерлер әншінің бала кездегі сирек  видeолары мен ескі суреттерін тамашалай алмақ.                                           

Эд Ширан, әнші:

- Әрдайым өзімнің естеліктерімді сақтап қалғым келетін. Менің өмірім қызыққа толы. Ғұмырымның бір бөлшегі киноға айналғанына қуаныштымын.

Алайда, Эд Ширанның байопикі жарысқа түспеді. Есесіне, 400-ден астам туынды ішінен, румындық режиссер Адина Пинтилиенің «Не прикасайся» фильмі «Алтын аюды» еншіледі.

Адина Пинтилие, режиссёр:

- Жеңімпаз тұғырынан табыламыз деп ойламадық! Біздің заманда, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас орната білуі өте маңызды. Картина арқылы осы ойды жеткізігіміз келді.

Ал, он күнге созылған киножарыста, халықтың таңдауы Тимур Бекмамбетовтың туындысына түскен. Ресейлік режиссердің «Профиль» атты картинасы «Көрермен көзайымы» жүлдесіне ие болды.

Еске салар болсақ, бұл картина ешбір камерасыз, жаңа «скринлайф» форматы бойынша таспаланған болатын.