Дуа Липа, Эд Ширан, Кендрик Ламар! Лондонда музыка саласының кіл мықтылары, «BRIT awards» жүлдесін алуға жиналды. Басқосқан жұлдыздар, көңілді шарада зорлық-зомбылық тақырыбын да ескерусіз қалдырмады.
Атаулы салтанатқа ағылған жұлдыздар қолдарына бір-бір раушан гүлін ұстай келген. Бұл танымалдардың зорлық-зомбылықа қарсы күресу ісіне көрсеткен қолдауы. Күлгін түсті көйлек киіп, қызыл кілем бойымен ерекше образда жүріп өткен Дуа Липа да солардың қатарында.
Дуа Липа, әнші:
- Бұл әрекетім арқылы барша нәзік жандылармен бірге екенімді білдіргім келеді. Әлеуметте ерлер мен әйелдер арасында теңдік орнап, әлем жақсы жағына қарай өзгерсе деймін.
#metoo флешмобын жақтағандар арасында ерлер де кездесті. Көзқарасын білдіруде олар да тосылып қалмады.
Ал, салтанатты шараны Джастин Тимберлейк ашты. Көңілді кештің көркі қызған соң, жеңімпаздарға жүлделер табыстала бастады.
Хип-хоп музыкант Стормзи «Брит эвордс» марапатын алғаш рет меншіктеп қайтты. Өнерпаз «Үздік британдық жеке орындаушы» және «Үздік британдық жыл альбомы» аталымдары бойынша топ жарған болатын.
Стормзи, музыкант:
- Мен бар күш-жігерімді осы әнжинақты жазуға жұмсадым! Рахмет барлығына!
Әнші ару Дуа Липа да жеңімпаздар тізімінен табылды. Өнерпаз «Британдық жыл жаңалығы», «Үздік британдық әйел орындаушы» марапаттарын еншіледі.
Жыл сайын бірнеше аталым бойынша озық шығатын Эд Ширан, бұл жолы тек «Халықаралық жетістік» жүлдесімен шектелді.
«Шетелдік үздік жеке орындаушы» ретінде танылған Кендрик Ламар болса, сахнаға шыға сала, алғысын жаудыра жөнелді.
Кендик Ламар, әнші:
- Мен бұл сәтті бағалаймын, барлықтарыңызды қатты жақсы көрем! Мен қайтып ораламын! Рахмет!
Ал, сыйлықтан құр алақан қайтқан жұлдыздар, алдағы уақытта талмай еңбек етеміз деп тарқасты.