Үнемі смартфонға үңілетін жұлдыздар қауымы, отандық шоу-бизнестегі шулы жаңалықтарды қалт жібермейтін көрінеді. Ал, жаңа жылды жанжалмен бастап, әріптестерін елең еткізгендер кімдер?
Құмарлығым тек музыка дейтін Сейфуллин Жолбарыстың, анда-санда инстаны парақтап тұратыны бар. Сазгерді соңғы рет шоу-бизнестегі шатақ мінезді бикештердің арасындағы жанжал елеңдетпей қоймаған.
Сейфуллин Жолбарыс, әнші, композитор:
- Бүкіл әлеуметтік желілерде айхайлатып болып жатқан, жаңағы Баян Алакөзова мен Меруерт Түсіпбаеваның айхайы ғой енді. Соны көріп қалдым бір-екі жерде. Сол қазір сенсация болса ғана халық көреді. Ал жаңа ән, жаңа музыка жаздым десең көп көрмейді.
Әйелдер енді ақыл тоқтатып, әлеуметтік желідегі айқастары бүгінде аяқталған сияқты.. Ал, атышулы Айжан Байзақованың түнгі клубтағы ерсі қылықтары, қазақ өнеріндегі азаматтардың да шамына тиген.
Ердос Қанаев, «Жігіттер» тобының әншісі:
- Бір қарындасымыздың бір клубта шешінгені жүрегіме қатты батты. Мен ол кісіні былай өмірде де кездестірген жан емес екенмін. Шоу-биз әлемінде де, өнерде де, сахнада да кездестірмеппін. Бірақ, құлағым естіді, сол нәрсе жүрегіме қатты батты.
Жыл басынан жұртты дүрліктіріп, жанжалға іліккен жұлдыздар мұнымен шектелмейді. Павлодарда өткен ән кешінде, басы дауға қалған Төреғалидың тентектігі, Қазнетте әлі күнге дейін қызу талқылануда дейді танымалдар.
Ерғали Әбдірайымов, «Жігіттер» тобының продюсері:
- Қай парақшаны ашсаң да, жаңағы Төреғали деп айтып жатады. Ол деген енді өмірде болып жатқан дүние. Төреғали де халықтың адамы ғой, халық кешіреді ғой енді. Сүйікті ұлдарының бірі! Қателік кетіп қалған бір жағдайы болды, сол мені елеңдеткені...
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
- Мысалға кешегі Төрештің әңгімесі. Барлығы уақытша, Алла ғана білуші. Кім кінәлі? Кім не? Сол сияқты қандай скандал, қандай кикілжің туындамасын, қандай жақсы жаңалық болмасын, өмірдің темпоритмі басып кетіп, ұмыттырып жатыр.