Таяуда, инстаграм мен фейсбуктың дәурені аяқтала ма? Бұл қазір көпшілік бас қатырған сауал. Себебі, танымал блогерлер мен жұлдыздар жаппай телеграмнан канал ашып, сол алаңда ой бөлісуде. Неге бұл трендке айналды?
Телеграм 2013 жылдан бері - үлкен көлемдегі медиа файлдармен алмасуға мүмкіндік беретін месенджер ретінде қолданылып келгенді. Жаңартылған соң, өз контентіңді жасауға болатын ақпарат алаңына айналды! Мүмкіндікті мүлт жібермеген блогер, журналист, тележүргізішулер бірден телеграмға ойысты.
Бүгінде, отандық Телеграм каналдардың ең танымалы – Айжан Байзақоваға тиесілі! Бикеш мәнді, мағаналы пост жазуды қатырмаса да, 52 мыңға жуық оқырман жинап үлгерген.
Ержан Рашев, блогер:
– Фейсбукте жазба қалдырудың өзі қорқынышты! Тым негатив көп. Көп блогерлер бұдан шаршады. Сондықтан, жаңа алаңға көшіп жатыр.
Ержан Рашевті де 23 мыңға жуық жан оқиды! Серінің ақпарат алаңы ауысқанымен, контентінің бағыты сол қалпы.
Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші:
– Инстаграм да ашылып, бүкіл іс-әрекетті жасап, ішкі-жан дүниемізді ақтарып жатамыз ғой. Сол ішкі жан дүниемізге бүкіл боқтықты кіргізіп аламыз. Біреу жамандайды өйтеді. Ал, телеграмда ол жоқ. Көрерменнің пікірін сауалнама арқылы ғана біліп отырасың. Сол жағынан жақсы.
Бірақ, бұл тұжырымдармен отандық блогерлердің бәрі келіседі деу әбестік. Мәселен, экс-юфреймдік Адина Топашева болса, жаңашылдықты қабылдай қоятын аудитория әлі тым аз дейді.
Адина Топашева, блогер:
- Инстаграм жан – жақты мүмкіндік ұсынады! Оны қолдану да жеңіл. Телеграм сынды әрбір каналды іздеп, жазылып отырудың қажеті жоқ. Меніңше телеграмдағы тренд уақытша ғана.
Телеграмдағы канал саны да, оқырман да артып келеді. Жаңа платформаның әлі де жандана түсер түрі бар.