Спорт та нар тәуекелге толы! «Ревю» бүгін қазақстандық спорт өкілдерінің арасынан үздік шыққандардың тізімін таныстырады. 2017 жылы жарқын жеңіске, бағалы жетістікке қол созғандар кімдер?
Биыл кәсіпқой мансабында алғаш рет 12 раундқа созылған айқаста Дэниел Джекобсты тізе бүктіріп, Сауль Альвареспен тең түсіп, төрт чемпиондық белбеуін қорғап қалған Головкин сөзсіз үздік. 2017 жылы үш жекпе-жегінде жеңіске жеткен Қанат Ислам да мықтылар көшінде. Гамбургте өткен әлем біріншілігінің алтынын алған боксшы Қайрат Ералиев те осы қатарда бар.
Еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров та осы тізімде. Ол Францияда өткен әлем чемпионатының қоласын қанжығалап, Нью-Делидегі Азия чемпионатының алтынын ұтты. Биыл жұлдызы жанған жеңіл атлет Ольга Рыпакова Швейцариядағы "Гауһар лигада" топ жарып, Лондонда өткен жаһандық біріншіліктің қоласын еншіледі.
Дзюдошы қызымыз Галбадрах Отгонцэцэг бұл жылы Гаагадағы дүниежүзілік Гран-Приде күміс олжалап, Будапештегі әлем чемпионатының қоласын алды. Жарақатынан айыққан теннисші ару Зарина Дияс та, биыл Жапонияда жалауын тіккен WTA турнирін ұтып, атақты "Уимблдон" сайысының үшінші кезеңіне дейін жетіп, Манчестер турнирінің де жеңімпазы атанды.
Самбодан биылғы Азия ойындары мен Әлем біріншілігінің чемпионы атанған Есет Қуановты да үздік деуге болады. Шахматшы сұлу Динара Сәдуақасова Азия ойындарында бір алтын, қос қола алып, Вьетнамдағы халықаралық тунирде топ жарды. М-1 Global промоушенінде қос нокаут тіркеген, аралас жекпе-жек өкілі Арман Әшімов те мықтылар қатарына кірді. Жеңімпаз спортшымыз көп-ақ, тек біз беткеұстарларды атадық.