Жуық арада Қайрат Нұртас еліміздің ең стильді серілерінің біріне айналса, еш таңқалмаңыз. Әнші, жұбайын ертіп, сән кештерінің біріне қатысып қайтты. Өнерпаз өзінің дәстүрлі образын өзгертейін деген бе? Әлде, бұл Жұлдызбен ойластырған жаңа жобасы ма?
Танымал байер Лилия Рах, алғаш рет халықаралық фэшн шара өткізді. Екі күнге созылған сән мерекесінде, шетелдік дизайнерлер өз топтамаларын таныстырды.
Ұйымдастырып отырған сән жәрмеңкесін, Лилия ханым сән апталығы деп атағысы келмеген. Сондықтан да, екі күнге созылған көрсетілімге ол «Sauvage Fashion Weekend» деп айдар таққан.
Лилия Рах, байер:
- Өз басым, жаңалықтарға жаным құштар адаммын. Сән әлемі әрдайым өзгеріп отырады. Мұндағы менің мақсатым да осы, яғни отандастарымды жаңашылдықпен таныстыру.
Лилия ханым дизайнерлерден өзге, шоу-бизнес өкілдерін де шақырған. Мәселен, Ринголық серілер, Роза Рымбаева, Әли Оқапов, тіпті Гүлзира Айдарбекова, Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова қадірлі меймандар тізімінен табылды.
Қайрат Нұртас, әнші:
Мені мұнда өзімнің жарым, әйелім, жұбайым, Жұлдыз алып келді осында. Сосын мен осында келдім біріншіден. Екіншіден, бұл кісіні өте жақсы танимын, бұл кісімен жұмыс жасадық, осы жақында.
Сән шараларында жиі бой көрсетпейтін Қайрат Нұртас, мүмкін стилін өзгертуді ойлап жүрген болар?
Қайрат Нұртас, әнші:
-Менің киінгенім өзіме ұнайды, себебі әркім әрқалай киінеді.
Ал, дәстүрлі образыма адалмын деген серіні жұбайымен бірге, енді сән шараларынан жанкүйерлері де жиі көруге ынтық.