Әлемдік турнесі дәл осы уақытқа белгіленбегенде, Димаш «Алашұлы» тобының концертінде бой көрсететін еді. Күні кеше Алматыда, сахнадағы мерейтойын атап өткен этно-ұжым, ел алдында есеп берді. Ауқымды шоу жайлы толығырақ Серікқазы Аязбаев тарқатады.
Әдетте, отандық шоу-бизнес өкілдері жеке ән кешінде түрлі образға еніп, шоуы бірнеше бөлімнен тұратын еді. Бұл жолы, «Алашұлы» бір ғана сахналық костюм тіктіріп, концертті еркін форматта өткізуді жөн деп шешіпті.
Әзімбек Байлин, «Алашұлы» тобының әншісі:
-Бұл киім бізге өте ыңғайлы болды. Өздеріңіз көріп отырғандай мына тесіктері өте көп. Біз енді терлейміз, билейміз, қанша тер ағады. Соның барлығы білінбей кетті.
Жанды дауыста өткен концерттің, кемшін тұстарын топ жігіттері жасырған жоқ. Бірақ, техникалық ақаулар «Алашұлының» жігерін жанши алмаған.
Мақсат Рахмет, «Алашұлы» тобының әншісі:
-Бізде дыбыс ыңғайсыздау болды мойындау керек қой. Репетиция жасап үлгерген жоқпыз. Саундчек жасап жатқан кезде 1-2 пульт күйіп кетті. Бұдан да көп ақаулар болады деп ойладық. Дегенмен де, халық білдірмей кетті. Біз де білдірмеуге тырыстық.
Иә, «Алашұлының» экс-орындаушысы да бұл кеште жігіттермен қосыла ән шырқады. Осыдан жарты жыл бұрын Ұшқынды алмастырған топ кенжесі Ерзат, қысқа мерзімде ән мәтіндері мен би қойылымдарын жетік меңгеріп үлгерген.
Ерзат Рамазанов, «Алашұлы» тобының әншісі:
-Бұл кісілер мені әнсапарға шыққан кезде кәдімгідей шыңдады мені. Сахнада қалай жүру керек, қалай сөйлеу керек. Бір нәрсені сөйлейін десем, екеуі қарап маған қобалжып тұрады. Бес ай дайындалып, концертті өткіздік.
«Ұлытау», «Тұран» және Төреғали Төреәлі сынды қазақы колоритті дәріптейтін өнерпаздардың басын қосып, ұлттық рухтағы кеш өткізген «Алашұлына» тыңдарманы дән риза!
Жарқынай Ханайым, әнші:
-Билеп, соңында терлеп міне осылай шықтым. «Алашұлы» рахмет, алға тек қана.
Жанболат Найзабеков, «Өнер қырандары» театрының актеры:
-Ұрпақ үшін, ел үшін! Халық тұрып кетті. Бұл жерде қазақылықтың иісі барда. Қазақпыз деп сезіндік ана жерде.