Азды қанағат тұтып, Ақан Сатаев қол қусырып отырмаса керекті. Режиссер бүгінде қос ірі жобаны қолға алған. «Томирис» тарихи туындысына актерлар іріктеп, локация таңдаумен қатар, «Елбасы жолы» киноэпопеясының да түсірілім жұмыстарына кіріскен.
Ақан Сатаев, режиссер:
- Елбасымен жүздесіп, кино туралы сөйлескенімізде ол кісі – «жақсы кино түсірсең болғаны» деген тілегін ғана жеткізді. Менің мақсатым көрерменнің де көңілінен шығатын, тапсырыс беруші министрліктің де талаптарын қанағаттандыратын фильм жасау. Түсірілім жұмыстары Астанада да, Алматыда да жүргізілетін болады.
Бұған дейін, аталмыш туындының төрт бөлімі Рүстем Әбдірашовтың режиссерлігімен таспаланған болатын. Ол картиналарда Елбасыны - Нұрлан Әлімжан сомдағанды. Бесінші бөлімі Ресейлік режиссер Сергей Снежкиннің жетекшілігімен түсіріліп, басты рөл – Берік Айтжановқа бұйырған еді. Бұл жолы, Ақан Сатаев президентті – Мұрат Ахманов ойнауы тиіс деп шешкен. 1994-98 жылдардағы Назарбаевтың өмірі көрсетілетін болғандықтан, алдыңғы екі актердің жас шамасы сәйкес келмепті. Сондықтан, таңдау Ахмановқа түскен. Киноэпопеяның алтыншы бөлімін Сатаев, астананың Сарыарқа төріне көшірілуіне арнамақ.