Спортшылардың шоу жасауы – үйреншікті дәстүрге айналғандай! Өнер әлеміндегі шоудың жөні бір бөлек! Мөлдір Әуелбекова сахнадағы жасандылыққа жол бермеуді ұсынады. Фонограммамен ән салғандарды, заң аясында жазалау қажет деген уәж айтады. Дегенмен, бұл ойын құптай кеткен әріптестері некен – саяқ.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
– Менің өнердегі арманым, тілегім заң жүзінде фонограммаға тиым салса деп ойлаймын. Бұл бізді одан да әрі қарай жоғары деңгейге көтерер еді.
Дегенмен, жалпы қолдау тапаған Мөлдір Әуелбекованың осы бастамасы талайға қолбайлау болмақ. «Ескі сүрлеуге еті үйренген» сахна саңлақтарының өзі, бұл заңды дайындықсыз қабылдауға қарсы.
Медеу Арынбаев, әнші:
– Айта салу оңай кесіп тастап, барлық жерде жанды дауыспен айту керек деп. Республика сарайы, мықты аппаратымен жабдықталған қамтамасыз етілген залдарда, егер де билет сатылып, көрермендер кірсе ол жерде жанды дауыспен айту керек.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі:
– Бізде барлық аппаратура болады, сіздер жіберген техникалық райдер деген болады, оны қабылдаған адам соның шеңберінен шықпай, оған дыбыс ұлғайтқышты дайындап беруі керек. Сол кезде кез-келген әнші дайындалады.
Өзге елдің әртістерін шақырарда, техникалық райдерлерін түгел орындайтын концерт ұйымдастырушылары, қазақстандық жұлдыздарға келгенде салғырттау екен. Фонограммаға сондықтан тәуелдіміз деген өнер иелері, талапты күшейтсек нансыз қалатындарын айтады.
Адэми, әнші:
– Техникалық райдер құрастырып, оны талап еткен күні жұмыссыз қалатынымыз анық. Бізді ол кезде ешкім концертке де, тойға да шақырмайтын болады.
Нұрлан Абдуллин, әнші:
– Нұреке, 7-8 баланы алып келу, оны орналастыру, олардың тамағы бар, оның үстіне гонорарың өседі. Бізді қинамай-ақ өзіңіз-ақ келе салыңызшы деген.
Дегенмен, шын жүйрікке тозығы жеткен техника да тұсау бола алмаса керек. Мұны, Димаш Құдайбергенов Оралға жасаған сапарында, қарттар үйінің ескі аппаратурасымен құйқылжыта ән салып дәлелдеп кетті.