Төреғали 25 жасында қазақстандық шоу-бизнесте бұрын-соңды болмаған концерт өткізгелі жатыр. Алатаудың бөктерінде 5 күн бойы тыңдарманын әсем әнімен тербетуге ниетті серімен, Серікқазы Аязбаев сұхбаттасып қайтқан болатын.
«Бес күн қатарынан концерт беру жаңалық емес, мен 1 тәулікте 5 рет ән кешін өткізгенмін», - дейді Төреғали. Бірақ, әншінің командасы бұрын-соңды болмаған шоу ұсынамыз деп отыр. Ал, ел алдында есеп беретін Төрештің бұл қуанышы туған күніне орай ұйымдастырылмақ!
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Өзімнің ағайын-туыстарым мен отбасымда отырып тойлай салатын мереке ғой негізі. Бірақ, мен соны елмен, жұртпен тойлағым келді. Бір 25-ке келсем, халықпен бірге атап өтемін ғой дейтін «ниет жолдасым» жүретін жанымда.
Бастапқыда Төреш туған күнін «Алматы-аренада» атап өтпекші болған. Алайда, меншікті мерекесін эстрада жұлдыздарының қатысуымен бірнеше күн тойлауды жөн деп шешеді.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Бес күнге бөлінген себебі, туған күнге орай жасалып жатқан концерт болғаннан кейін көптеген әншілерді тізімге енгіздік. Концерттің уақыты ұзарып кетті. Стадионға бере салсақ, біздің құрған сценарий іш пыстырып, көрермендерді жалықтырып жіберетін сияқты. Сол себепті әншілердің көңілін қалдырмайық, көрерменнің де көңілін қалдырмайық деп шақтап бөлген кезде 5 күнге сыйды.
Бүгінде Төреғалидың әншілік атағы аспандап тұрғанымен, алты алашқа алғаш ақындығымен танылғаны ақиқат. Көрермен 5 күндік концертте айтыс өнерін де тамашалайтын болады.
Қайнар Алакөзов, айтыскер ақын:
-Әрбір күні бір-бір ақынмен айтысады. Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Аян Сейітов, Дидар Қамиев және мен Қайнар Алакөзов. Осындай 5 ақыны бар.
Алматылық тыңдарманды 5 күн бойы әнмен тербейтін Төреғали, 17-ші қазан күні дүбірлі той жасап, дүйім жұртқа сүйген жарын таныстырмақшы.