ЭКСПО аясында Астана төрінде өтетін концерттер шеруін енді Роза Рымбаеваның ән кеші жалғамақ! Бұл ауқымды шара биыл Халық әртісінің 60 жасымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде қызу дайындыққа кіріскен Қуанышқызы, өз мерейтойында елді қандай ерекшеліктермен таңқалдырмақ?!
«Менен шоу күтпеңдер, Роза дауысымен дараланады»! Әңгіменің әлқисасын дәл осылай бастаған Халық әртісі, кезекті концертіне қызу әзірлік жүргізіп жатыр. Рымбаева бұл жолы да қалыпты үрдісінен жаңылмақ емес. Ән кеші әдеттегідей симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен, 100 пайыз жанды дауыста өтпек!
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
-Қазіргі біздің дайындап жатқан әніміз, қазақтың халық әні «Арман-ай»! Бұл әнге міндетті түрде балет қойылады, режиссерлық қойылымдар болады. Содан кейін контент деген болады. Сондықтан, солар үшін мен бұл әннің дауысын жазып, жұмысқа беремін.
Роза Рымбаева ТМД-ға танымал болғанымен, бұл кешке шет ел жұлдыздарын шақырмаған. Есесіне Халық әртісімен бірге Мөлдір Әуелбекова, Бауыржан Исаев сынды отандық өнерпаздар дуэт орындайды.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
-«Сәлем саған туған ел»! Бұл керемет әндердің бірі. Бұл ән Мөлдірдің мәнеріне жақсы келеді. Әнді таңдағанда да келетін әнді беру керек. Дауысына келетін, мәнеріне келетін әнді беру керек. Бауыржанменен енді Ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» орындаймыз. Бұл әнді өзіңіз білесіз, классикалық әншілер орындайды.
Концерттік бағдарламаға ел арасында кеңінен таралған 25-ге жуық ән топтастырылған. Оның ішінде ретро хиттермен қатар, бұрын-соңды орындалмаған тың тректердің де тұсауы кесілмек. Ал, Роза Қуанышқызының Астана төріндегі мерейтойлық концерті «Ән қанатым» деп аталады.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
-Менің қанатымда ән, менің бақытым да ән. Менің қуанышымда, менің жылай кездерімнің барлығы д әнмен шығады. Менің ойымның барлығы, өмірге деген көзқарасымның барлығы ән. Сондықтан, ең бірінші алға жетелейтін ән қанат қой. Сол ән қанатыммен қалқып, ұшып осы өнерде жүріп келе жатырмын.