Джастин Бибердің жариялаған соңғы жаңалығы жанкүйерлерін де, желіні де дүр сілкіндірді. Тосыннан әлемдік турнесін тоқтатып, тыңдармандарын әуре-сарсаңға салған жұлдыздың басына қандай қиындық туды? Осы жайында тағатсыздана жауап күткен фанаттарына, әйгілі әншінің айтары бар.
Афишасы ілініп, жарнамасы жер жарған Джастиннің концерттік бағдарламасы 2016-шы жылдың наурыз айында бастау алған-ды! Бір жарым жылға жалғасқан турненің тосыннан тоқтауына Бибердің ішкі күйзелісі себеп болған көрінеді. Тығыз кестеге түзілген жоспарын орта жолдан бұзған ол, үздіксіз ұйымдастырылған ән сапардан шаршаса керек. Қысқа мерзімге үзіліс алатынын айтыпты...
Иә, шығармашылық тоқырау, депрессия отандық шоу-бизнес өкілдерінің де басынан жиі өтеді екен.
Жанна Орынбасарова, әнші: - Өнер адамы болсын, өнер адамы болмасын депрессиядан құтылу ол үлкен сондай жұмыс деп ойлаймын. Ол психологиялық жұмыс. Tворчестволық адамы үшін, әрине депрессиядан құтылу бір туынды жасау. Туынды арқылы депрессия кетеді деп ойлаймын.
Жанна ханымның бұл пікірімен Кентал келіспейді. Себебі, сұрбойдақ сергелдеңге түссе, өмірінің ажырамас бөлігіне айналған ән әлемі де араша түсе алмайды екен.
Кентал, әнші: -Ән жазу, өлең жазу ол уақытша ғой. Былай көмектеспейді депрессиядан шығуға. Сондықтан депрессиядан шығу үшін, ол адамға байланысты. Мысалы біреуге шет елге 10 күнге барып келген көмектеседі.
Мұхит асып, шет елде жиі серуендейтін серілердің бірі Артур Төлеповтың «депрессия» ұғымын ұмытқаны қашан. Сондықтан болар, актердың соңғы рет күйзелісті бастан кешкен кезі есінде жоқ.
Артур Төлепов, актер, әнші: -Ондайға мүмкін түскенде шығармын. Өзім білмеймін. Бірақ, ондай жағдайда мен «бүйтем-сүйтем» деген жоқ. Бірақ, өзім білемін егерде көңілім болмай, сондай күйзеліске түссем тау жаққа шығып кетемін. Барып, таза ауамен демаламын да қайтып келемін.