Баян «синдромы!» Журналист Бибігүл Дәулетбекқызы: «Мақсатқызының мемуарын оқыған келіншектер күйеуінен ажырасуға бел буған», - деген пост жазды! Расында, продюсердің кітабы шаңырақтарды шайқалтуға үгіттей ме?
Әлеуметті толғантқан түрлі өзекті мәселеге, желідегі жеке парақшасында қалам тартатын Бибігүл Дәулетбекқызы, Баян «синдромы» хақында да сөз қозғады. Мұндай пост жазуына, бір оқырманының қалдырған пікірі түрткі болған екен.
-Жить надо сейчас деп совет беріп жатыр. Қызым отыздан асқан, күйеуі де. Екі баласы бар. Жақында «мама, мы с мужем такие разные» деп звондап тұр!
Отбасының күрделі мәселесін желі арқылы жеткізген ананың айтуынша, қызының ойын өзгерткен Баян Мақсатқызының мемуары. Бибігүл Дәулетбекқызының да пікірі осыған саяды. Айтуынша, танымал тұлғаның өмірі басқа шаңырақтардың шайқалуына сеп болуы мүмкін.
Баян Мақсатқызы болса, осындай айыптаулардың қарша борайтынын алдын-ала сезгендей. Кітабының алғысөзінде: «Мен – жәй ғана адаммын! Маған қарап бой түзеп, менен үлгі алудың қажеті жоқ» деп жазғанды. Бізге, сәл бұрынырақта берген сұқбатында да осы ойын шегеледі.
Баян Мақсатқызы, продюсер: – Мен Лев Толстой немесе Федор Достоевский емеспін ғой! Өз шығармаларым арқылы оқырмандарыма өмірді үйретіп, кеңесімді тықпалап жатқан жоқпын. Жәй ғана ғұмырнамамды жаздым. Менің жеке басыма қызығушылық танытасың ба, оқы! Әйтпесе, ешкім де мәжбүрлемейді.