Нұртас Адамбаев Санкт – Петерборда саяхаттап жүргенде, елде оның фильмі барымтаға түсті. Продюсердің «Побег из аула: Операция махаббат» картинасы, Көкшетау кинотеатрында заңсыз көрсетілген. Олар комедияны ғаламтордан жүктеп, еш рұқсатсыз прокатқа шығарыпты.
Көкшетау қаласында фильмдер прокатамен айналысатын ұйым, полицейлерге шығым түсіріп, авторлық құқықты өрескел бұзған жандарға шара қолдануды сұраған. Себебі, кинотеатр өкілдерінің қолынан, Нұртас Адамбаевтың меншігіндегі «Побег из аула: Операция махаббат» картинасын үлкен экранға шығаруға рұқсат берер ешбір құжат табылмаған.
«Nurtas production»-ға келтірілген залал құнын – жергілікті құқық қорғаушылар 2 миллион теңгеге бағалауда. Іс қозғалғаны туралы Нұртас Адамбаевтың өзі таяуда білген. Дегенмен, қазір Санкт – Петербор қаласында жүрген ол, бұл жәйттің қыр-сырымен әлі егжей-тегжейлі танысып үлгермепті. Елге келісімен тиісті мамандармен кеңесіп, заң аясында әрекет етуге ниетті екенін продюсер бізге телефон арқылы хабарлады.
Ал, кинотеатр өкілдері БАҚ өкілдерінен жасырынып отырғандай. Себебі, ресми сайтында көрсетілген байланыс нөмірлерін мүлде бұғаттап тастаған.