Әттең! Палуандардың жеңіске деген құлшынысы, біздің футболшыларға жетіспейді-ау! «Қайрат» пен «Ертіс» командалары, өздерімен терезесі тең клубтардан ұтылып жанкүйерлерін жерге қаратты. Алматылық футбол фанаттары бірден, Кахабер Цхададзе жұмыстан қуылсын деп аттанға салуда. - Қызметтен кетуін күтеміз! - Каха, қайт үйіңе! - Қош бол, Кахабер! Бапкер деген көп нәрсе шешеді. Сендердің бір жалақыларыңа, албаниялық клубтың жартысын сатып алуға болады. - Жұмыстан қуу керек!
Бұл, күні кеше Албанияның Корча қаласында, жергілікті «Скендербеуден» ұтылған «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзеге жазылған жанкүйерлердің жан айқайы. Өз алаңында 1:1 есебімен тең түсіп, қарымта ойында жауапсыз 2 гол жіберген алматылық клубтың ойыншыларына да, футболсүйер қауымның өкпесі қара қазандай. "Ертіс" футболшылары да сырт алаңда "Црвена Звездадан" жеңіліп, Еуропа лигасынан шығып қалды. Екінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуі Белградтағы Райко Митич атындағы стадионда өтіп, 2:0 есебімен аяқталды. Қатарынан екінші маусым Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінен аса алмаған «Қайрат» командасына, жанкүйерлер жаңа реформалар қажет дейді. Нәтижесіз қызметі үшін бас бапкер Кахабер Цхададзе де, көп ұзамай мансабымен қоштасуы ықтимал.