Сөйлейтін піл жайлы қазақстандық картина! Бұл Люк Бессонның фантастикасынан кем түспейтін туынды екен дерсіз! Бірақ, адам тілінде сайрайтын жануар ешқандай да қиял-ғажайып емес! Ерекше аң 70 - 90-шы жылдары Қарағанды зообағында өмір сүрген. Әдемі Сейфулла толықтырады.
Табиғаттағы кей дыбыстарды, адамға тән сөздерді айта алатын «Батыр» есімді пілдің Қазақстанда тіршілік еткені ғылыми ақиқат. Қарағандыда туылған Бауыржан Досмағанбетов те бала кезде ерекше жануарды көзімен көрген. Ванкуверде кинематографияны оқыған оның «сөйлейтін піл» жайлы фильмді таспалау басты арманы болыпты.
Идея халықаралық киногерлерді де бірден баураған. Нәтижесінде, әйгілі «007: Спектр» бондианасының қоюшы – режиссері Алехандро Чавез Қазақстанға келіп, осы картинаны таспалауға кіріседі.
Алехандро Чавез, қоюшы режиссер: - Мені мұнда төленетін қаламақы мүлде қызықтырған жоқ! Фильмнің желісі, тарихы ұнады. Ерекше дүние шығатыны анық.
Бауыржан Досмағанбетов, қоюшы оператор: – Алехандроның әлемдік кинода аты дардай болғанымен, ол жәй ғана менің досым! Біз бірге Канадада білім алғанбыз. Бұл тың идеядан шабыт алған достардың жасап жатқан жобасы. Коммерциялық кино деуге мүлдем келмейді. Шығармашылықтан ләззат алу үшін жасалып жатқан дүние.
Комедиялық драманының сюжетінде қоғамның өзекті мәселелері көтеріледі. Мәселен, адамгершілік, сенім және қиындықта қол ұшын созу сынды сезімдер суреттелмек.
Фархад Абдраимов, актер, продюсер: – Зообақтың директорын сомдаймын! Жануарларды саудаға салып, адамдарға қиянат жасайтын нақұрыс кейіпкер. Фильм қандай ауыр жәйт болмасын, жақсылыққа сенуге шақырады.
Санұржан Сүлейменов, актер: – Басты кейіпкерлер арасында ең жасы мен! Шымыр бала, пысық бала. Бір қызды ұнатады, соның артынан жүгіреді. Бірақ, ақылды.
Түсірілім тобы «сөйлейтін піл» жайлы «Батыр» фильмін келер көктемде үлкен экранға шығаруға ниетті.