«Соңғы демі таусылғанша ол сахнадан түскен жоқ»! Театр мен киноға бүкіл саналы ғұмырын арнаған Владимир Толоконников, көз жұмарынан бірнеше күн бұрын да, кезекті киноның түсірілімінен оралған екен... Бүгін, актерды Алматылық әріптестері еске алып, рухына қошемет білдірді.
Владимир Толоконников, КСРО - ның Халық әртісі /мұрағат/: – Ғұмыр бойы сахнадан түспеген арда актер біздің арнаға бірнеше ай бұрын ғана сұхбат берген еді. Владимир Алексеевич ол кезде бақуатты болатын...
Ол таяуда ғана Геленджикегі «Супер Бобровы» картинасының түсірілімінен оралған. Дегенмен, дендеген дерт оның жүрегін мәңгіге тоқтатты. Актер – 75-ке қараған шағында, 16 – шілдеде Мәскеудегі шаңырағында ұйқыға жатып қайта оянбаған.
Толоконников өзінің 40 жылдық өмірін арнаған орыс драма театрында бүгін әріптестері мен табынушылары оның рухына тағзым етуге жиналды.
Олег Гостев, М. Лермонтов атындағы орыс драма театры директорының орынбасары: – Еуропадан, Америкадан, ТМД елдерінен театрға көңіл айту хаттары келіп жатыр! Бұл - Владирмир Толоконниковтың есімі бүкіл әлемге таныс деген сөз. Театр басшылығы мен ұжымы Мәскеуге барып, оны жерлеу рәсіміне қатысып қайтамыз.
1943 жылы Алматыда туылған актер, оқуын тәмамдап, 80-ші жылдардың басында кино әлеміне қадам басты. Оның атын әйгілеген Михаил Булгаковтың романы желісінде таспаланған «Собачье сердце» картинасы болатын.
Геннадий Балаев,ҚР Еңбек сіңірген әртісі: – Көбіне Ресейлік режиссерлардың фильмдеріне түсетін болғандықтан «неге Мәскеуге түбегейлі көшіп кетпейсің» деген сұрақ оған жиі қойылушы еді. Бірақ, Вова туған өлкесін, Алматыдағы театрын қимайтын.
Оның артында 300-ден аса спектакльдегі рөлі мен 70-ке жуық фильмдегі образдары қалды. КСРО - ның Халық әртісін алдағы бейсінбіде Мәскеуде жер қойнына тапсырмақ.