Люк Бессонның «Такси – 3» картинасының көркін келтірген Бай Линды көпшілігіңіз танитын боларсыз! Актрисаның инстаграмына қарасаң жер шарында табан тіремеген өлкесі жоқ дерсің! Жақында, Астанаға да келді. Елуден асса да келбеті көзтартар сылқым, сұлулық сырын енді бал қымыздан тапқан сыңайлы!
«Ежелгі салт-дәстүрлерінің негізгі құндылықтарын сақтап қала алғандығы, қазақтарды өзгелерден ерекшелейді» деп жазады актриса! Отыз екі мыңға жуық оқырманы бар инстаграм аккаунты арқылы, ол Сарыарқа төріндегі ұмытылмас саяхаты жайлы ұдайы бөлісіп отырды.
Елуді еңсерген актриса түйеге мінуге де жүрексінбейді. Қазақ үйге бас сұғып, сірнеден дәм татып, қымызбен сусындаған ол, алған оң әсерлерін жіпке тізігендей баяндаудың шебері екен. Тіпті, Астана әкімі Әсет Исекешевтің қабылдауында да болған.
Сылқымды әсіресе, «Қазақ елі» монументі, «Министрлер үйі» мен «Нұр Астана» мешітінің архитектурасы ерекше қызықтырғанға ұқсайды. Бай Лин 1966 жылы Қытайда туылғанымен, 80-ші жылдардың соңынан елінен қуылып кеткенді. Қиындыққа мойымаған атышулы актриса Голливудтық киностудиялар есігін жиі қағып жүріп, ақыры «Ворон», «Тачки – 3» картиналары арқылы жұлдызы жанды.
Экспоны тамашалуға Қытайдан шыққан Голливудтық актерлардың тағы бірі Кэри-Хироюки Тагава да арнайы келіпті.