Фитнес, кросс-фит – саулықты сүйетін сұлулардың бүгінде айнымас серігіне айналған. Бұл тізімді енді бокс толықтырғандай. Мәселен, Серік Қонақбаевтың қызы Аяла, әке жолын қуып, үнемі шаршы алаңда шынығады. Мінсіз мүсін қалыптастыруда аталмыш спорт түрінің қаншалықты көмегі бар?!
Аяланың соңғы рет түске дейін қашан ұйықтағаны есінде жоқ! Әр күнін салауатты өмір салтына арнаған бикеш, таңғы 5:30-да тұрып, 7:00-де жаттығу залына келеді. Тура 6 жыл бұрын АҚШ-та бокспен шұғылдана бастаған Қонақбаева, осы спорттың арқасында 20 келі салмақтан арылғанын айтады.
Аяла Қонақбаева, бизнесвумен: -Бүгінде бокспен шұғылдану трендке айналған. Мен шет елде оқыған уақытта көптеген модельдердің шарша алаңда шұғылданғанын көрдім. Бокс – дене сымбатын сақтап қана қоймай, өз-өзіңе сенімділік сыйлайтын спорт түрі.
Аяла бүгінде жемісті түрде жеке кәсібін дөңгелеткен бизнесвумен. Бірақ, бикештің жеткен жетістігінде әкесінің де қолтаңбасы бар деп, теріс тұжырым жасайтындар жетерлік. Алайда, қызы әкесінің мына сөзін, мәңгілік жадында сақтап қалған.
Аяла Қонақбаева, бизнесвумен: -Менің бокстағы бабымды байқағысы келді ме, бір күні спаррингке шақырды. Бастапқыда барлығы ойдағыдай болып жатқан еді. Бір сәтте ауыр соққыға тап болғанымды байқамай қалдым. Сол кезде әкемнің айтқаны әлі күнге есімді. Қызым, бұл - бокс! Шаршы алаңға шыққанда басқа нәрсені ойлаудың қажеті жоқ, тек өзіңе сенімді бол, - деді.
Аяла, бизнестен бөлек, отандық мұнай компанияларының бірінде қаржыгер болып қызмет атқарады. 26 жастағы бикеш өмірлік серігін әлі жолықтырып үлгермеген. Тіпті, серілер қауымы боксшы аруға сезімін білдіруге сескенетін көрінеді.
Аяла Қонақбаева, бизнесвумен: -Құрбыларым жайсыз жағдай орын алса, «қазір барлығын боксшы Аяла шешеді» деп қалжыңдайды. Ал, жігіттер менің рингте шұғылданатынымды білсе, фото-видеоларды көріп, сәл уақыттан кейін хабарласпай кететіндері де бар.