-Димаш елорда төрінде өткен «Бастау» атты ән кешінде әлемдік жұлдыздардың басын қосып жұртты таңырқатты, алғыс алды. «Астана Аренаға» жиылған 30 мың тыңдарманның оның өнерін берген бағасы зор.
-Және де, Құдайбергенов сол шоуда жанкүйерлері үшін тосын сый жасаған еді... Ең қызығы алдағы бейнесюжетте!
19 жастағы Жарастың бұл күн мәңгілік жадында қалмақ. Табан астында тосын сыйға тап болған студент, әлі күнге дейін өз көзіне өзі сене алар емес. Кумирінің костюмін иемденген бозбала бірден арнайы фотосессия жасаған. Тіпті, Құдайбергеновтің тыңдарманы өнерден де құр алақан болмай шықты...
Жарас Әндіжан, Д. Құдайбергеннің фанаты (skype арқылы): - Димаш костюмін лақтырған кезде, әрине алғашқы 1 минутта не болғаны есімде жоқ. Бірақ, менің есімде адамдардың астында қалып қойғаным. Және бәрі айтып жатыр Димаштың костюмі деп ағылшынша айтып жатыр.
Иә, шет елден келген Димаш жанкүйерлері де осындай сәтті бастан кешіруге құмар. Тіпті Жарасқа бұйырған бұл пиджакқа қытайлық фанаттар аса қызығушылық танытқан. Бүгінде кумирінің костюмін қарапайым студент бәссаудаға шығарса, қомақты қаржыға кенелуі әбден мүмкін.
Жарас Әндіжан, Д. Құдайбергеннің фанаты (skype арқылы): - Айтып жатыр 150 мың юаньға аукционға қойылды деп. Ол теңгеге шаққанда, 1 юань 41 теңге, 150 мың юань шамамен бір 6 миллион теңге болады.
Алайда, Димаштың фанаты адалдық танытып отыр. Ол Құдайбергеновтің сыйын көзінің қарашығындай сақтап, мәдени шараларда ғана киіп жүруге ниетті. Ал, әйгілі әншінің командасы бұл жайттың тосыннан болғанын айтады.
Алпамыс Шаримов, Д. Құдайбергеннің PR-менеджері: - Көрермендерге киім лақтыру алдын-ала жоспарланған нәрсе емес. Сондықтан бұл ойда жоқта болған Димаштың сол жердегі шабыттанып, әсерленіп, көрермендерге жақынырақ бола түсу мақсатымен лақтырды деп ойлаймын.
Айта кетейік, «Бастау» шоуында Димаш 7 түрлі сахналық костюм тіктірген. Әлем таныған қазақ баласының бұл кештегі имиджін жасау отандық дизайнер Сәкен Жақсыбаевқа сеніп тапсырылған еді.