Демалыста мегополистің күйбең тіршілігінен жыраққа кетуді Алматылықтар трендке айналдырған. Әсіресе, ұлттық дәстүрімізді ұлықтайтын орталарға үйір. Бұл жолы қала жұртшылығы Бауыржан Байбектің садақ атудан сынға түскенін тамашалап, жанкүйері болды. Дүбірлеп өткен «Ұлы дала рухы» фестивалі туралы тілшіміз баяндасын.
Биыл екінші рет жалауын көтерген бұл этномәдени фестивальге жұрт аса ықыласты. Жиылған есепсіз қара-құрым халық, шаңырағы еңселі сансыз киіз үйлер, асыл тұқымды қазанаттардың көптігі – осы сөзімізге айғақ.
Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада чемпионы: – Мыңдаған халық келіп отыр, жас балалардың бәрі. Соның бәрін білу керек, көру керек. Осы біздің ұлттық ойынымызды әрі қарай жалғастыру керек.
Әзірбайжан, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Словакия, АҚШ пен Түркиялық командалар мен делегаттар - фестиваль меймандары. Әр ұлт ежелден көзінің қарашығындай сақтаған, ата-бабаларымызға ортақ ұлттық ойындар мен өнер түрлерін ұлықтауға келген.
Явур Гынчев, «Богатур» болгариялық батырлар көшбасшысы: – Садақ ату, қылыштасу, ат үстінде белдесу сынды жауынгерлерге тән өнер түрлерін көрсетеміз! Негізі, қазақтар мен болгарлардың салт-дәстүрінде ұқсастықты көп екенін байқадым.
Құсбегілер, асау үйретушілер, көкпаршылар, палуандар, жамбы ату және алтыбақан..! «Ұлы дала рухы» фестивалі көшпенділер өркениетінің осындай ғажап көріністері мен мәдениетін паш етті. Баһадүрлер ұрпағы екенін еске түсірген Алматы әкімі Бауыржан Байбек те, қаны қызып, садақ атушы мергендермен бірге бақ сынасты.
Досхан Жолжақсынов, ҚР Халық әртісі: – Жамбы ату! Бұл өзі бір деректі киноларда ғана көрмесек, көркем киноларда көп қолданылмай жатады. Өстіп жинақтамасақ, көп жерлерде ұмытылып қалып қоюуы мүмкін. Бүгін біз, бәрін түгендеп, сыртта ешнәрсе қалдырмайтындай болуымыз керек. Сонда, біз кім екенімізді білетін боламыз.
«Ұлы дала рухы» халықаралық этно фестивалінің ауқымын жыл өткен сайын кеңейтіп, көшпенділер ұрпақтарының дәстүрлі жиынына айналдыру басты жоспар.