Актриса болмаса да жер жаһанды шарлап, жиһанкез-апа ретінде танылған Лена Тоқсанбаева өз оқырмандарымен кездесті. 82 жасар әжей бұл жүздесуде әсерлі әңгімелерін айтып, танымалдылықты тиімді пайдаланудың құпиясын да ашты. Иә, әлемде кәрілікті кедергіге баламайтын жандар жетерлік. Тілшіміз тарқатсын.
Ең әуелі Лондон, одан кейін Париж, Барселона, Нью-Йорк, Тайланд... Шетелге алғаш 79 жасында шыққан Лена Тоқсанбаеваның табаны тимеген жер саусақпен санарлық. Әлемнің әр түкпірінде түскен фотосуреттерінің арқасында саяхатшы әжені бүгінде көпшілік жақсы таниды.
Лена Тоқсанбаева, саяхатшы әже: -Немерем түсіреді ғой өзі суретке. Америкаға барғанымда да өздері түсірді, қай жерге барсам да. Бәрін өзі берген интернатқа. Мен интернатқа бер дегенім жоқ қой интернатқа. Алғашқы келгенде мені неге шақырды деп қорқып жүрдім.
Бірақ, бұл күндері Лена әжейдің еті танымалдылыққа үйреніп кеткендей. Жиһангез апамыз, Гоу Вайрал фестивалі аясында өзінің жанкүйерлерімен кездесті.
Лена Тоқсанбаева, саяхатшы әже: -Енді осы немеремнің арқасында шүкір жұлдыз дейді ғой әйтеуір, білмеймінғой енді, жұлдызсымақ болып жүрмін ғой. Асыл әже дейді әйтеуір.
Сексеннің сеңгіріне жеткен Лена әжей өзінің танымалдылығын игі мақсаттарға да пайдаланып жүр. Мәселен, алуан түрлі әлеуметтік роликтерге түсіп, қарттар үйін аралап, жастарды әркез жақсылық жасауға шақырады.
Лена Тоқсанбаевадай әлемде кәрілікті кедергіге баламайтын жандар жетерлік. Мәселен, 88 жасар Элен Рут есімді әжей өзін Baddie Winkle (Бадэ Уинкл) деп атап, күлкілі суреттерінің арқасында әлеуметтік желіде 545 мың оқырман жинаған.
90-ға келген Раиса есімді ресейлік азаматша да өзін жасы келгендер қатарына мүлде жатқызбайды. Ол талғаммен киініп, көлік айдап, инстаграм желісіндегі оқырмандарымен белсенді хат алмасады.
Ал, бұл алпысты алқымдаған - музыкант әже. Мэри Хвисда жасы келсе де, сүйікті ісін тастамақ емес.
Бұл әжейлердің барлығы бүгінде өз замандастарына ниет болса, кәрілік еш тосқауыл еместігін насихаттаумен келеді.