Майли Сайрустың қуанышты күйін, еліміздің ең көңілді жүргізушісі Жасын Қанбаев жақсы түсінер. Себебі, көрермендерді әзілге толы әңгімелерімен күлдіре білген Жасын, жуық арада күйеу бала атанбақшы. Болашақ жары екеуінің той күні де белгіленген.
Әлеуметті әзіл әлеміне жетелеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жүрген Жасын Қанбаев отау құрмақшы. Ата-анасының «Балам қашан үйленесің?» деген толассыз сұрақтарына қарамастан, еліміздің ең әзілкеш жүргізушісі көпке дейін сүрбойдақтар сапында жүрген болатын.
Тележүргізуші 29 жасқа келгенде ғана өмірлік жары болатын өз бақытын тауыпты. Енді, көңіл жарастырған екі жас, шілденің 5-ші жұлдызына той күнін белгілеп, Астана қаласында отау құрмақшы. Сапалы қалжыңға тапқыр Жасын, үйлену тойына арналған шақыру билетін де әзіл форматында жасатқан.
Жасын Қанбаевтың болашақ жарының есімі – Айжан. Павлодар қаласының тумасы. Екі жыл қалыңдық іздеген тележүргізуші өз сүйіктісімен мүлде кездейсоқ жағдайда жолыққан. Тиісті кеңседен қателескен Айжан, аяқ-асты адасып әзілкештің жұмыс кабинетіне тап болыпты. Сол сәттен басталған таныстық, енді үйлену тойына ұласауда. «Бұл менің тағдырым» - дейді, оның өзі.
Егер өз бақытыңызды таба алмай жүрсеңіз еш мойымаңыз. Себебі, сіз де Жасын Қанбаевтай күтпеген жерде өз өмірлік махаббатыңызды кездестіруіңіз бек мүмкін. Үмітсіз шайтан...