Алматыда мысық пен төбет төлдері өздеріне қамқор болар жаңа қожайындарын іздестіруде. Мейірімді жандардың басын қосқан бұл шара, «Давай поможем» деп аталатын қайырымдылық акцияның аясында өтті.
Бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған, «Давай поможем» қайырымдылық акциясына биыл 100-ден астам ит-мысық жеткізілген. Бірнеше қордың қолдауымен өткізілген шараның басты мақсаты, қараусыз қалған үй жануарлары мен олардың жаңа қожайындарын табыстыру.
Мәселен, мына алматылық бозбала төбеттерді будандастырып, үй жануарының жаңа тұқымының түрін алуды көздейді. Бүгінде тиісті эксперимент жасауға сақадай сай жас жігіт, аталмыш жоспарын үйсіз жүрген иттер арқылы жүзеге асырмақ.
Диас Серікұлы, Алматы қаласының тұрғыны: -Сол иттің пародаларын көбейтейін дегенмін. Қазір көп иттер пародасыз болып кетті. Бір иттің хотя бы пародасын шығарсам ба деп едім.
Сондай-ақ, 10 жастағы Мирас та мейірімді жандардың қатарында. Ата-анасымен акцияға арнайы келген оқушы, осы қайырымдылық шарасына өзіндік үлесін қосқысы келеді.
Мирас Қайрат, оқушы: -Менің келгенім мына мысықты алғым келіп тұр. Бұл өте сүйкімді, маған ұнап тұр. Мен мұны далада жүргенше өз үйімде асырап, тамақ беріп өсіремін.
Қайырымдылық қор өкілдері ит-мысықты иесіне табыстап, қол бұлғап қалады десеңіз қателесіз! Ветеринарлық тексеруден өткен әрбір үй жануарлары алдағы уақытта да ұйымдастырушылардың жіті-қадағалауында болмақ.
Мария, ұйымдастырушы: -Бүгін қожайындарына табыстап, 1 аптадан кейін қадағалау жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, 2 ай сайын үй жануарларының жаңа иелеріне қоңырау шалып, ит-мысықтардың хал-жағдайынан хабардар болып отырамыз.
Алайда, қожайынның барлығын қамқоршы деп айту әбестік! Кейбір жағдайда асырай алмағандар, ит-мысықтарды қайырымдылық қорына кері қайтарады екен. Мұндай сәтте, қараусыз қалған үй жануарларын бағу жұмысы еріктілерге жүктелген.
Мәдина Төкенова, ерікті: -Орналастыру, жайғастыру иттерді, мысықтарды, қағаздарды толтыру, тамақ беру, су беру, арттарынан жинау, сондай жұмыстар.