Виктор Цойдың да есімі әлі де ұмытылмақ емес. Музыка реформаторы, өз заманының тұлғасы ғана емес, рок «тәңіріне» айналған әншінің 55-жылдығы симфониялық оркестр сүйемелдеуімен аталып өтті. Тілшіміз толықтырсын.
Ритм, музыка толқыны, гитараның тебіренісі, барабанның дүрсілі, жұмбақ әуен. Виктор Цойдың өз концертіндей болмаса да, музыканттың рухына құрмет етіп, сағыныш жетегінде бұл кешке келген халықтың қарасы көп.
Бүгінгі концерт бұрынғыдан өзгерек. Себебі, рок музыкасының падишахына айналған Виктор Цойдың әндері дирижер Ерболат Ахмедияровтың басшылығымен және симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды.
Игор Соколов, музыкант: -Біз Виктор Цойдың әндерін барынша өзгертпей орындауға тырысамыз. Дәл сол Кино тобындағы атмосфераны сақтап қалғымыз келеді. Ал, оркестр әнді тамаша музыканы әсем әуенмен толықтырушы ғана.
Өздерін «Солнечные дни» деп атаған бұл өнерпаздар, қысқа ғұмырында сол заманға қисынсыз көрінген өнерді өз биігіне жеткізген Виктор Цойдың «КИНО» - тобының әндерін орындайтын трибьют ұжым болып саналады.
Игор Соколов, музыкант: -Виктор Цой жалғыз. Ол сияқты адам болған емес, болмайды да. Сондықтан, біз дәл Виктор Цой сияқты болуға тырыспаймыз да. Біздің мақсатымыз оның әндерін ел есіне түсіру.
Виктор Цой бір өлеңінде«Өлім өмір сүру үшін қажет, махаббат күту үшін қажет» дегені бар. Өзінің қысқа ғұмырында миллион тыңдарманның жүрегін жаулаған ол, тірі болса, биыл 55-жасқа толар еді. Музыка реформаторының әндерін бүгінде де тыңдап, өнеріне әлі тәнті болатын жұрт баршылық.
-Виктор Цойды біздің отбасымызда барлығы тыңдайтын. Сондықтан әншінің шығармашылығымен бала кезімнен таныспын. -Виктор Цойдың шығармашылығымен өте ерте кезден таныспын. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде-ақ муызканттық барлық әндерін жатқа білетінмін.
Виктор Цой арамызда! Ол дүниеден озса да, музыкасы өлмек емес деп тарқасты кеш қонақтары.