Eaglez – дар серілердің жаңа жұмысын қалай қабылдады?
«Ninety One» - дық жігіттердің әр басқан қадамын қалт жібермейтін еaglez, біздің арна эфиріндегі бейнебаянды көріп, бағасын да беріп үлгерді. Көпшілігін, ACE -тің жанында жүрген арудың кім екені толғандырады. Жалпы, иглздар серілердің жаңа жұмысын қалай қабылдады?
Әр туындыларын талқыға салған сәтте кереғар пікірдің де қарша борағанына, мақтау сөздердің де толассыз төгілгеніне жігіттер бой үйреткен. Дегенмен, «Ескі таспа биі» бейнебаяны бұрынғыдан да қызу пікір талас туғызғаны анық. Себебі, «Найнти уан» тарихында тұңғыш рет бейнебаянда актриса бой көрсетті. Бойжеткендердің басым бөлігі, ACE -ке деген қызғаныштарын жасыра алмады. Дегенмен, иглздың мұндай әрекет жасауына еш негіз жоқ. Жәй ғана бейнебаян, актерлік шіберлік, махаббат «ойыны».
«91» тобының ютубтағы ресми каналдарына жүктелген «Ескі таспа биінің» аудио нұсқасының өзі 50 мыңнан аса мәрте қаралып, мыңға жуық пікір жинаған. Басым көпшілігі, шексіздік жәйлі жырлаған жігіттердің айтпағы мен өздерінің ойлары дөп келді дейді.
Қызық сөзін кім жазды екен?...Сенің ойыңда, ішкі жан дүниеңде не боп жатқанын біліп жазғандай...
Музыканттардан жақсы көретінім бір орында тұрмай, барынша эксперимент жасауы. Қазақстанда шоу бизді қалай болу керек екенін көрсеткен жалғыз топ.
Сөз жоқ ! Тыңдай бергім келеді ! Қазақстанда бұндай әуендер әлі күнге ешкім шығармады ! Жігіттерге алғысым шексіз.
Тың туындыда жігіттердің әжептеуір есейіп қалғаны байқалады. Синглдің мәтіні, бейнебаян желісі сөзімізге дәлел. Ерболат Беделхан режиссерлік еткен клиптың әрбір локациясы, жарық, дыбыс, қойылым иглздардың көңілінен шыққанын жазылған пікірлер көрсетті. Бастысы, серілер образдарын одан әрі батылырақ етуден жасқанбаған.