AmFAR -2017! Жұлдыздар неге өздерін аукционға шығарады?
26.05.2017
Отандық бомонд Луинаның кешінде көңіл көтеріп жатқан тұста, әлемдік жұлдыздар AmFAR -2017 қайырымдылық кешіне жиналды! Леонардо Ди Каприомен кешкі ас ішу немесе Джордж Клунимен сүйісу сынды ерекше лоттар қойылған бәссауда бұл жолы қанша қаржы жинады?
1985 жылдан бері Афмар СПИД-пен күрес жолында жұмсалған 388 миллион доллар қаржы жинады. Жыл сайын Канн кинофестивалі аясында өтетін қайырымдылық кештен түскен қаржының бәрін жаһанды жаулаған осы дертті зерттеуге жұмсалады. Сондықтан, бұл кешке кіру құны тым қымбат. Бірақ, билет сатылымға түскен алғашқы күні –ақ сатылып кетеді.
Линдси Лохан, актриса:
- Көптен көріспеген жандармен жүздескеніме қуаныштымын. Біздің әрқайсысымыз осы қатерлі дертпен күресті қолдағымыз келеді. Бүған үлес қоса алатынымыз қандай керемет!
Қалталылар мен селебритиді жақындата түсетін кеш барысында сән көрсетілімдері, концерт пен бәссауда жасалады. Биылғы кеште Рита Ора жаңа әндерінің тұсауын кесті. Ал, аукционға әр жылдары Леонардо Ди Каприомен романтикалық ас ішу немесе бірге ғарышқа ұшу, Дюран-Дюранмен бір сахнада ән салу, Джордж Клунимен сүйісу, фильмге түсу, бірегей әшекей бұйымдарды еншілеу сынды лоттар қойылады.
Белла Хадид, сәнбике:
- «Амфар» мен үшін ерекше кеш. Себебі, қайырымдылық пен сән тоғысады. Біздің бұл салтанатқа атсалысуымыз, жұрттың назарын ерекше аударады. Қаржыны да көбірек жинауға септігі тиеді.
Қызыл кілемде бой көрсетіп, мыңдаған камера мен соффиттер алдында жарқырау, бомондпен бірге көңіл көтеру кез-келгенге арман! Тек, жұлдыздар мұндай өмірден шаршағандарын айтады.
Ева Лонгория, актриса:
- Дұрыстап тамақтанбағаныма бір ай болды! Сондықтан, үйіме асығып жүрмін!
Амфар кеші аяқталғанымен, жұлдыздар Канн кинобәйгесі өз мәресіне жеткенше, яғни 28-ші мамырға дейін Францияда болады.