Майкл Джексон жайлы байопиктің тұсауы кесілді
24.05.2017
Бритни Спирстің ғұмырнама-фильмін ұсынған компания, Майкл Джексон жайлы тұңғыш байопиктің де тұсауын кесті. Бұған дейін, поп-музыка королі жайлы талай картина таспалаймыз деп құлшынғандардың бетін қайтарып тастаған әншінің жақындары, бұл туындының жарыққа шығуына да қарсылық танытқан. Дегенмен, «Майкл Джексон: в поисках Нетландии» киносын жасаушылар алған бетінен қайтпады.
Чад Коулмэн, актер:
- Оның ғұмыры шынайы, әрі өзге қырынан көрсетіледі. Мұнда ешқандай сорақылық көріп тұрғаным жоқ. Бірақ, Майклдың жақындарының бұл жобаның жарыққа шығуына неге қарсы болғанын түсіне алмаймын. Бастысы, фильмде жүрек бар.
Ричард Лоусен, актер:
- Сюзанна де Пассе Майклдың жанында жүрген адам. Сондықтан, оның бұл туындыға енгізген ақпараттарының барлығы шынайы деп білемін.
Қос оққағары жазып шыққан кітабы негізінде түзілген сценарийде Джексонның өмірінің соңғы жылдары суреттеледі. Балаларымен қарым-қатынасы, дендеген дертімен күресі, ішкі толғанысы – бүкпесіз баяндалады. Басты рөл Майклдың ізбасары Навиге бұйырған.
Нави, актер:
- Әрине, өмірімдегі ең маңызды жобаны қолдаушылардың көбірек болғанын қалар едім. Дегенмен, оның жақындары қарсы шықты деп, фильмді тоқтату әбестік болар. Себебі, мыңдаған жанкүйері осы сәтті, тұсаукесерді асыға күтті.
Картина 29-шы мамырда қалың көпшілікке жол тартады.