Триумфатор Дрейк жайына қалды. 71 жастағы Шер "Billboard Music Awards - 2017 салтанатын жандырды.
Жаһандық жұлдыздардың сан қилы образдарына көз үйретіп алған миллиондарды бұл жолы қалай таңқалдырмақ керек? Сауалға бас қатырған Billboard Music Awards -2017 салтанатының меймандары бірауыздан жалаңаштануға келіскен сынды. Ішкиім мен жалаң төсті мейлінше айқындай түсетін мөлдір матадан тігілген көйлек тренде деуге болады. Рита Ора, əнші: - Қысқа көйлектерге жаным құмар. Себебі, маған сенімділік сыйлайды. Мінсіз мүмінімді көрсетуге мүмкіндік береді. Қызыл кілем салтанаты əдеттегі қалыптан аспағанымен, Billboard Music Awards -2017 əзірлеген шоу талайлардың көзіне жас үйірілтті, қуанышқа кенелтті. Эмоциясын тізгіндей алмағандардың алғашқысы - Майли Сайрус. Сылқым сүйіктісі Лиам Хемсвордқа арнаған "Малибу" əнін жүрекпен орындағаны соншалық, тебіренісін жасыра алмай қалды. Жүрек қылын шертіп, тыңдармандарын тәтті естелікке бөлеймін деп бекінген Селин Дионның əніне де жыламаған жан қалмаған болар. Себебі, əнші 20 жыл бұрын, дəл осы Лас-Вегаста жазылған «My Heart Will Go On" композициясын тарту етті. Селин Дион, әнші: - Əннің табысты боларына сенбегендіктен, жарыққа шығаруға қарсы болғанмын. Бірақ, командам мені көндіріп, ақыры әнді жаздыртты. Сонда сөзіме құлақ аспағандарына қуанамын. Бірнеше ұрпақ сүйіп тыңдаған туындыға айналды. "T-Mobile Arena" алаңын Селин Дионның мұңға батырған синглынан соң, Шер дүр сілкінтті. 71 жастағы аңыз əнші қос туындысымен нағыз шоу жасап, талайларға таңдай қақтырғаны анық. "Қарттық мені қыспаққа ала алмайды",- дейді Шер. Əні аяқталысымен Гвен Стефани оған "Икона" мүсіншесін табыстап, корифейлер қатарына қосылғанымен құттықтады. Триумфаторларға тоқталсақ. Бұл жолы да Дрейк оза шапты. Жыл басынан талай музыкалық бəйгелерде топ жарған рэпердің бұл жолғы жетістігі ерекше. 2012 жылы 12 мүсінше қанжығалаған Адельдің рекордын 13 жүлдемен жаңартты. Марапат санының көптігімен екінші сатыға Бейонсе мен Twenty one Pilots жайғасты.71 жастағы Шер "Billboard Music Awards - 2017 салтанатын жандырды
22.05.2017