Тарихы тереңде жатқан сән үйі өз мерейтойын Алматы шаһарының әкімімен бірге атап өтті. Академия дизайнейлер арасында үлкен халықаралық байқау ұйымдастырып, олар өз жұмыстарын осы кеште таныстырды. Бұл тойға өз тартуын ала келген өнер иелері де жеткілікті. Жамиля Серкебаева скрипкасымен сұлу сазын төске, құттықтау әнін айтуға жұртты сағындырған Парвиз Назаров пен өзге де орындаушылар шықты. Барлығының сахнаға арнап киген киімдері осы сән академиясы шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер.
Парвиз Назаров, әнші: - Бұл «Сымбаттан» киген бірінші костюмім, әрі ең соңғысы емес деп ойлаймын. Бұл образым маған ұнады. Жақында жаңа бейнебаян түсіремін, мен осы образда сол клиптен де көресіздер.
Нағима Есқалиева, ҚР Халық әртісі: - Бұл жерде абстракция бар және қазақ көйлегінің тарихы да жатыр. Әрине жаңашылдықпен үйлескен. Бұл бірінші киімім екен. Мен баяғыдан осында келіп бір киім тіктіремін деп ойлаушы едім. Сөйтсем, мұндай тартымды, ерекше көйлекті жасату менің маңдайыма осы 70 жылдық мерейтойда жазылған екен.
Бұрын «Сымбат» сән үйінің атағы жер жарып, халықаралық подиумдарда оның өнімдері әркез жарқырап шығатын. Бұл тұңғыш ателье соғыстан кейінгі жылдарда сәнді киінуге зор құлшыныс танытқан нәзік жандылардың қалауынан шыға білді. Уақыт өте өндіріс те ұлғайды. Қазіргі таңда бұл бренд мектеп оқушыларының киім үлгісін тігуге және жеткіншек қыздардың сәніне назар аудара бастады. Дегенмен, бүгінгі заманауи фешн-уиктарда «Сымбат» жайлы сыбыс мүлде естілмейді.
Балнұр Асанова, дизайнер, «Сымбат» сән академиясының арт-директоры: - Бәз бәсекелес емеспіз. Тоғыспайтын екі жолда қатар жүріп келе жатқан көшпіз. Бізде салмақты тапсырыстар, ауқымды өндіріс, пен шығарылымдар бар. Көңіл-көтеру және сән кәштеріне келетін уақытымыз тар. Адамдарымыз тынымсыз жұмыс жасайды. Менің кәсібім де аса сәнқойлыққа жат секілді.
Балнұр ханымның сөзінше компания қарапайым қазақстандықтарға арналған киімдерді шығарады. Аталмыш сән үйінің ұзақ жасау құпиясы да осы болса керек.