Азамат Сатыбалды «Бір сен үшін» қандай құрбандыққа барды?
25.04.2017
Бір сен үшін! Бұл картинаның тұсаукесеріне өнер өлкесінің өкілдері түгелдей жиналып, тіпті алғашқы көрермендердің қатарында Алматы қаласының басшысы Бауыржан Байбек те болды. Ал, жоба жетекшісі, әрі басты рөлді сомдаған Азамат Сатыбалды, киноөндірістегі дебюты үшін, біраз салмақтан арылғанын айтады.
Азамат Сатыбалды, актер, продюсер:
- Сол үшін арнайы съемканы 15 күнге тоқтатып, мен 10 күн таза суда отырдым. Судан басқа ештеңе ішкен жоқпын. Сол диетаны ұстау арқылы мен 12 кг салмақ тастадым. Өзіңнің ойыңдағы герой болғаннан кейін, соның тағдырын, трагедиясын жеткізуге тырысасың. Жеткізгенде, әрине сенімді болу керек. Сол үшін актерлар осындай жертваға барып тұрады.
Бұл картинада Азаматтың театр сахнасындағы серігі Зарина Кәрмен Сатыбалдының сүйіктісін сомдайды. Актриса жаңа мелодрамада Айжан есімді кейіпкердің кейпіне енген.
Зарина Кәрмен, актриса:
- Бұл фильмнің сценарийі өзімізге негізделген. Ол әртістің басына қона беретін бақ емес. Сондықтан да үлкен жауапкершілік болды. Ол ең басты қорқыныш мен үшін.
Үміт. Сенім. Махаббат. Бұл фильм отбасының беріктігін сақтап қалу жолында түрлі қадамға барған Асқар есімді жігіт жайлы. 8 жыл бойы сәби сүйе алмаған жұбайлар суррогат атаның көмегіне жүгініп, нәтижесінде отағасы түрмеге тоғытылады.
Ардақ Төлеубай, режиссер:
- Таң атпай ұйқыдан тұрып алып, не істеп жүргенімді өзім білмеймін әйтеуір. Үлкен қобалжу үстіндемін. Көрермен қарай қабылдайды, ең бастысы. Жүректеріне жетеді ме?
Ал, картина режиссерін толғандырған сауалға, тұсаукесерге келген көрермендердің де жауабы дайын.
Әділ Ахметов, актер:
- Әр кейіпкер – өзінше, әркімдікі дұрыс. Ешкімді жазалай алмайсың. Анау дұрыс, мынау бұрыс дей алмайсың. Бәрі пенде, бәрі адам, кәдімгідей өмір және бұл қазіргі кезде өте актуалды тақырып деп ойлаймын.
Асанәлі Әшімов, КСРО Халық әртісі:
- Төменнен жоғары қарай көтерілуі керек. Кейде потолоктан бастап алып, төмен түсе алмай, не жоғары шыға алмай жататын кездері болады. Бұл жақсы трамплин болар алға қарай.