Тимур Бекмамбетов қазақша дубляждалған жаңа фильмін таныстырды
05.04.2017
Тимур Бекмамбетовтің жаңа картинасы «Время первых» қазақ тілінде көрсетілді. Бұл ғарыш туралы Ресейдің 3D форматта түсірген ең ауқымды киножобасы. Аталмыш фильм адамзат тарихында ашық ғарыш кеңістігіне шыққан тұңғыш тұлға туралы баяндайды.
1965 жылы 18 наурызда «Восход – 2» ғарыш кемесі Байқоңырдан ұшырылады. Бұл адамзат баласының өз тарихындағы тұңғыш рет ашық ғарышқа шығуы болатын. Тимур Бекмамбетовтың «Время первых» картинасы осы оқиғаны суреттейді.
Тимур Бекмамбетов, продюсер, режиссер:
- Фильм үш жылдай түсірілді. Шамамен 10 миллион долардай қаржы кетті. Аса құпия құжаттар ретінде 50 жылдан астам уақыт жария етілмеген материалдардың негізінде бірнеше авторға сценарий жаздырдық Алексей Леоновтың өзі фильм кеңесшілерінің қатарында болды.
Картина 6-шы сәуірден бастап кинотеатрларда көрерменімен қауышады. Біздің кәсіби дубляж актерларының қолынан өткен ана тіліміздегі нұсқасын да тамашалай аласыздар. Азамат Қанапия бұл картинада екі бірдей кейіпкерді қазақша сөйлеткен.
Азамат Қанапия, дубляж актері:
– Левитандікі өзінше бөлек. Леонов шапшаң, ішкі жан дүниесі жанып тұрған адам ғой. Екеуі екі түрлі адам. Қазақ дубляжы беталысы жақсы болып келеді. Бұл бірінші арманым болса, екінші арманым бала қиялым - ғарышкерді сомдап тағы да бір арманым орындалды деп ойлаймын.
Фильмнің басты эпизодтары, ғарышкердің ашық ғарышқа шығуы, экипаждың жерге оралу сәттері ресейлік кинемотограф үшін, бірегей технологиялардың көмегімен түсірілген.
Дмитрий Кисилев, фильмнің қоюшы-режиссері:
– Мен 70 сағаттан астам құпия жазбаларды тыңдадым. Бұл ғарышкерлер мен жердегі басқарушы станция арасындағы диалогтар. Тарихи оқиғаны экранға шығарар кезде аздап драма қостық. Ғарышта ұйықтап кетуі, жерге оралған соң тайгада үш күн жатқанының барлығы ақиқат.
Бекмамбетовтың «Время первых» туындысы қазақша сөйлеген шет елдік кинолардың алғашқысы емес. Қазіргі таңда ана тілімізде Голливудтық картинаны көретіндердің де саны күрт артқан. Енді қазақша нұсқаның болуын әр шет елдік фильмнен талап ететін күн туған секілді.