«Алаш Айбары» халықаралық турнирі жанкүйер жұртқа нағыз шоу ұсынды
03.04.2017
Сегіз елдің беткеұстар жекпе-жек шеберлері айқасқа түскен «Алаш Айбары» турнирінде, спортшылар қоян-қолтық төбелестің тамаша өрнегін салды. Бірінші болып сайысқан 30 жасар қазақстандық Жандос Исабеков пен 22 жасар қырғыз жігіті Бек Абылда. Ақ қалпақты ағайынның өкілі нокаутпен жеңіс тіркеді. Алаш Прайд клубының тағы бір өкілі Бақтияр Несіпбек болса, әзірбайжан сарбазы Фарид Бабазадені бірінші раунда қылқындыра салды.
Бақтияр Несіпбек, «Alash Pride FC» клубының мүшесі:
– Настрой өте жасқы болды бірінші раундта ұтамыз деген. Көп нәрсе клеткада көрсетеді ғой.
Баку қаласының ұланы Мехман Мамедов болса, күтпеген жерден отандасымыз Асу Алмабаевтан ұпаймен басым түсті. Сегізбұрыштағы сылбыр қимылдары үшін төрешіден екеуіне де сары қағаз.
Асу Алмабаев, «Alash Pride FC» клубының мүшесі:
– Білмеймін көп күтіп қойған шығармын. Жеңілдім, жеңілдім одан ешнәрсе айтатыны жоқ... Рақмет.
Садақ атушы жекпе-жек шоумені « Шах Қазақ» бұл жолы Әбдіжаппар Әлқожаның әнінің сүймелдеуімен думандатып шыққан еді. Дегенмен, ол тәжірибелі Алексей Наумовтан айласын асыра алмады. Жеңіс украин жігітінің қанжығасында.
«Alash Pride FC» тұжырымы бойынша "GRAND PRIX KAZAKHSTAN" айқастар сериясының ақтық сынында Ильяр Асханов пен Жасұлан Қарақұлов кездесті. Үш раунд бойы тең де, тартысты айқас өтті. Техникалық әрі физикалық тұрғыда бағы басым болған Жасұлан - жеңімпаз!
Жасұлан Қарақұлов, «Kazakhstan Top Team, Alfa» клубының мүшесі:
– Мұндай жеңістің дәмін адам түсінбейді. Мұндай жеңіске деген құштарлықты айтып жеткізе алмаймын, шынымды айтсам. Бірақ қуаныштымын!
Осы турнирдің басты жекпе-жегінің бірі Асылжан Бақытжанұлы мен ресейлік Алексей Кисер арасында өрбіді. Соққылары батпандай алыптар айқасына жұрт разы. Әлі жеңілмеген Асылжан қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсірді.
Асылжан Бақытжанұлы, «Alash Pride FC» клубының мүшесі:
– Негізі бірінші раундта дистанцияны сезініп, қарсыласымның күшін қарайын дедім. Екінші раундта енді қарсыласымды сезген соң өзімнің шабуылдарымды бастадым.
Тағы бір басты айқас 93 келілік Евгений Егембердиев пен ресейлік Иван Лукин арасында өтті. Сан қарсыласын қапы қалдырған біздің «Метис», тағы да уақытынан бұрын жеңді. Айқасқа беттеген жігіттерімізге әнімен жігер берген «Алашұлы» тобы жекпе-жек кешінінің шырайын кіргізді.
«Алашұлы» тобы:
– Жекпе-жекті көргенді, батырларымызға жанкүйер болғанды ұнатамыз. Біздің әндеріміздің барлығы батырларға ұран болғандықтан, біз осындай жерлерден жиі табылып жатамыз.
Сонымен қатар «Алаш Айбары» жекпе-жек жәрмеңкесінде елге белгілі Ержан Естанов жеңіске жетсе, біздің Сүлейман Исаев грек жігітіне жол берді.