Қалай қарайсың? Айт енді? Иглздар «Ninety one» мен «Ziruza»-ның әнінен ұқсастық тапты
30.03.2017
«Ninety one»-дық» Бала мен Зирузаның арасындағы сезімді талқыға салған иглздар, енді атышулы топ пен әнші қыздың тректерінен ұқсастық тауып отыр. Зирузаның «Айт енді» атты су жаңа туындысының әуені мен әрлеуінде «Қалай қарайсың» әніндегі таныс ноталар өріп жүр.
Атышулы «Ninety one»-да, шоу-бизнеске енді қадам басқан Зируза да отандық Q-pop бағытын насихаттаушы өнерпаздар. Алайда, әнші қыз әлеуметтік желі арқылы тың трегін таныстырғаны сол еді, «91» тобының фанаттары жаңа әнді бірден «Қалай қарайсыңға» ұқсатты.
- «Қалай қарайсың» әніне ұқсайды екен...
- Бұл әнді тыңдасам «Қалай қарайсың» есіме түседі...
Зируазаның репертуарына енген «Айт енді» әнінің сазы мен сөзін жазған Сержан Бақытжан. Найнти уанның «Айыптама» деп аталатын мини-альбомындағы 5 тректің төртеуі осы өнерпаздың туындысы. Бірақ, Сержан бүгін талқыға түскен қос тректе ұқсастық жоқ дейді.
Сержан Бақытжан, композитор, ақын:
- Қазір бүкіл әлемде қайырманы билеуге қалдырып немесе қайырманы көңіл көтеру жағына қалдырып, ритмге қалдырып, мелодиясы мен сөзін куплетіне ғана беретін сондай стилистика қатты дамып жатыр. Сондықтан, бұны тек «Қалай қарайсыңға» ұқсату, енді кішкене дұрыс болмайтын шығар.
Бір қызығы «91» тобының трегін де, Зирузаның су жаңа әнін де әрлеген бір өңдеуші болып шықты. Қос туындыны музыкалық сыншы Нұрберген Махамбетов те саралап, бағасын да берді.
Нұрберген Махамбетов, музыкалық сарапшы:
- Мен екі әннің қайырмасын тыңдай отырып, аса ұқсастықты байқамадым. Бірақ, қос тарап Q-pop жанрын таңдаған және бір өңдеушіге әнді әрлеткен. Алайда, Зирузаның туындысында британдық музыка мен корейлік колоритті байқадым. Егер осы бағытта талмай еңбек етсе, «91» тобынан да танымал болуы ғажап емес.
Музыкадағы барымташылық әлемдік тәжірибеде де кездеседі. Біздің шоу-бизнесте де, «хит» әнге «жиендік жасау» үрдісі қарқынды дамып келеді.