Бейбіт Қорғанның «Шоқ қыздар» әнін орыс өнерпаздары қолды қылды
29.03.2017
«Шоқ қыздар» көзден бұлбұлдай ұшты! Кезінде Бейбіт Қорғанның қалтасын қалыңдатқан туынды, бүгінде өзге ел өнерпаздарының ән қоржынына еніп үлгерген көрінеді. «Шоқ қыздардың» желіде орысша нұсқасы тарап кетіпті. Ал, бұл ақпараттан ән авторы мен қазақстандық орындаушы қаншалықты хабардар?
«Шоқ қыздар» әнінің сазын қырғыз композиторы Ілияс Әбдіразақов жазған. Айыр қалпақты ағайындар арасында бұл ән «Жаным-ай» деген атаумен тарап кеткен. Ұлықпан Жолдасовтың студиясында трек өңделіп жатқан сәтте, Бейбіт Қорған қырғыз әуенін ұнатып, авторға қолқа салады.
Ілияс Әбдіразақов, Қырғызстандық композитор:
- Бейбіт Қорған ағамыз сол әннің орындаушысы боламын деп. Мен қуанып, сонша әншінің ішінен менің әнім ұнаған екен деп, осы әнді бергенмін.
Иә, кезінде «Шоқ қыздар» жарыққа шыққанда, Бейбіт Қорғанның танымалдылығы мен табысының артқаны рас! Қазақстандық орындаушының қаржысына қызықты ма, бейтаныс өнерпаздар, бұл әнді орыс тілінде жазыпты.
Бұл жаңа нұсқадан Бейбіт Қорған да, композитор Ілия Әбдіразақов та хабардар болып шықты. Бірауыз рұқсат алмаған Ресейлік орындаушыларға ән авторлары ренжулі.
Бейбіт Қорған, әнші:
- Иә, бір рет көргенмін мен. Авторлығы бар ғой, праваны маған берді ғой. Бірақ айтып, ескертіп қойғаны да жақсы еді ғой негізі любой адамға.
Ілияс Әбдіразақов, Қырғызстандық композитор:
- Бейбіт Қорған ағамыз екеуіміз сөйлесіп, не істейміз деп? Бір ғана орысша версиясы емес, армянша, түрікше, тағы басқа тілдерде айтып жатыр екен, Башкирия... Сосын айтқанмын, қалай істейміз десем, сол екеуіміздің күшіміз жетпесе керек. Айтса айта берсін, Ілияс інім деген.
Бірақ, бұл жүрекке жаққан әнге жиендік жасауға рұқсат деген сөз емес. Бейбіт пен Ілияс келісімсіз құда түскен өнерпаздар, алдағы уақытта алдымыздан бір өтер деген ниетте.