Нұртас Адамбаев психологиялық драманың түсіріліміне кірісті
27.02.2017
Нұртас Адамбаевтың жобалары талай кинофестивальдерде қазылар талқысына салынғанды. Режиссердың ендігі мақсаты, психологиялық драма жанрын бағындыру. Бұрынғы комедиялары сынды касса жинап, табысты боларына сенімсіздік танытса да, режиссер психологиялық драма таспалауға кіріскен.
Тың туындысын үлкен экранға шығарумен қатар, түрлі кино бәйгелерге де қосуға ниетті.
Нұртас Адамбаев, режиссер, продюсер:
– Кинофестивальдерге бағытталғанымен, бұл толыққанды авторлық кино емес. Көрермен тақырыпты өзі дамытсын деген мақсат жоқ. Біздің айтпақ ойымызды кез-келген жан ұғына алады. «А» санаттағы кинофестивальдерге қатысамыз, Ресейлік нарыққа шығамыз деген мақсат бар.
Әдеттегідей, оқиға бай мен кедей айналасында өрбиді. Лифтіде үш күнге қамалып қалған бизнесмен Жандос Айбасов пен нәпақасын күзетшіліктен тауып жүрген Иісбек Әбілмажіновтың образдары арқылы, бүгінгі қоғамның кем-кетігі көрсетіледі.
Иісбек Әбілмажінов, актер:
– Бүгінгі жастарда ақша, қымбат мәшине, қымбат киім. Адами құндылық онша қызық емес. Сондықтан да, көзқарасымыз сәйкес келмей қалады үш күн лифтіде отырғанда. Ұрсып қаламыз, төбелесіп қаламыз, жақсы көріп қаламыз.
Бұл драманың түсірілім жұмыстарын тәмамдаған бойда, Нұртас Адамбаев ұзатпай кезекті комедияны бастауға ниетті. «Бұл лента нағыз коммерциялық жоба болмақ. Атауының өзі елең еткізер фильм, «іздегенге сұраған» дүние болады», - деп сендірді Адамбаев.
Нұртас Адамбаев, режиссер, продюсер:
– Заманауи тоқалдың өмірі суреттеледі. Тоқалды келемеждеу, көрерменге өз ойымызды тықпалау мақсат емес! Керісінше, бұл тақырыпқа ирониямен қараймыз. Өзім басты рөлдердің бірін сомдаймын. Тоқалды ойнайтын актрисаны таңдап қойдық. Бірақ, әзірге ол құпия қалсын.
Қос туындысын режиссер жыл соңына дейін, көрермен талқысына саламын деп құлшынып отыр.