Кешьюдің жаңа құрамы ретро әнмен сахнаға шықты!
13.02.2017
Димаш қазақ әндерінің қаймағын бұзбай Қытайда қалықтатып жатқанда, Кешью квартетінің тұсауы ретро әнмен кесілді. Жақында жасақталған гелзбендтың әр қадамына фанаттары жіті көз тігіп отыр. Жаңа Кешью тыңдарман көңілінен шыға алды ма?
Жаңа құраммен алғаш рет сахнаға шыққан Кешью «Аралдан ұшқан аққулар» әнін Сейдолла Байтерековті еске алу кешінде орындады. Ерекше әсер, халық қошеметі! Аталмыш туындыны нақышына келтіре шырқаған төрттік көптің көңілінен шыққан сыңайлы. Алайда, дәл осылай тұпнұсқадан айнытпай орындайтындар некен-саяқ көрінеді...
Ләззат Бәйтерекова, С. Бәйтерековтің жұбайы:
- Өйткені Сейдолланың көп әндерінің ырғағын өзгертеміз деп, жаңағы мелодиясында, гармониясын да өзгертіп, мысалы Сейдолланың сүйем сені деген «Ақ тілек» әні бар ғой. Соны қайырмасына келгенге дейін мен Сейдолланың әні екенін танымай қаламын. Әбден өзгертіп жіберген...
Ал, бүгінде ретро-әндер қазақ эстрадасында қаншалықты насихатталып жүр?
Жұбаныш Жексенұлы, әнші:
- Менің өзімнің репертуарымда тек қана ретро әндер деп айтуға болады. Өйткені жаңадан шыққан әндер менің көңілімнен шыға бермейді...
Бейбіт Көшқалиев, әнші:
- Әртістерде кризис болып жатыр. Көбі ретро әндерге сүйеніп жатыр. Сол үшін қалып қайтқан жоқ!
Ал, Рымбаева үшін Сейдолла Байтерековтің орыны ерек! Әр әні тыңдарман жүрегінен орын алған композитордың алғашқы туындысын жас Роза орындап, өнердің көгінде жұлдызы жанған еді...
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
- Мен бүгін концертке сол баяғы 40 жыл бұрын жазылған Сейдолланың «Әлиясын» орындаймын. Бұл ән менің визиткам, бұл ән маған үлкен бақыт әкелген, жеңіс әкелген...
Сейдолла саздары әлі күнге дейін өз өміршеңдігін жойған емес! Қарт пен жасты зәулім сарайға толтырған ретро-кеш осының айғағы...
Серікқазы Аязбаев, Юлдаш Құдайбергенов.