Қыз алып қашудың арты сотпен аяқталды

Сообщить о проблеме с эфиром
Шымкенттік аруды алып қашып, әйел болуға мәжбүрлеген жігіт, енді айыппұл төлейді. Әскери мансабымен де қош айтысады. Себебі, құрбан болған қызды жар болуға көндіргенімен қоймай пәктігіне күмәнданып, бірінші неке түнінде гинекологқа сүйреп, артынан үйінен қуып шыққан. Ары тапталған мұндай бойжеткендердің сотқа жүгінетіндері неге некен-саяқ? Жар болуға күштеп міндеттеуіне көнгенімен, Шымкенттік ару адалдығына күмәнданып, ар-намысын қорлағаны үшін төрелікті әділет органы өкілдерінен сұраған. Себебі, дәрігерлер неке түніне дейін бұрымдының пәк болғанын растап берген. Бірақ, бұл анықтама қыз ғұмырын құрбандыққа шалғандарға әсер ете қоймаған сынды. Әпкесі екеуі бейкүнә қызды үйден қуып шыққан. Нәтижесінде, сот әскери жігітке 20, ал сыбайласы болған әпкесіне 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Зульфия Байсакова, «Дағдарыс орталықтары одағының» төрайымы: – Бойжеткен қыздың қайда кеткенінен әрдайым хабардар отырып, қай уақытта үйге оралатынын білетін сенімді адамы болуы қажет. Сонда, оған дер кезінде көмек беруге мүмкіндік бар. Негізі, өзгенің бостандығына шектеу қою қылмысын жасағандар, 15 жылға дейін абақтыға тоғытылады. Қыз тағдырын ойыншық көргендер бірнеше адам болса, жаза одан әрі ұлғая түспек. Зульфия Байсакова, «Дағдарыс орталықтары одағының» төрайымы: – Құрбан болған қыздар ішкі істер органына келіп, арыз жазуды ар санайды. Шынында, оған арызды өткізу ғана жеткілікті. Тәртіп сақшылары қылмыстың орын алғанын өздері-ақ дәлелдеп шығады. Салтанат Маусейітова, психолог: – Бастапқы уақытта, оңай немесе ұят деп есептеген болса да, кейін әйел адамға өте ауыр болып келеді. Бес жылға дейін өмір сүрмей, екі жаққа бөлініп кетіп жатқан отбасылар көп. Бұның кесіренен кім зардап шегеді? Балалар зардап шегеді. Мамасын немесе папасын көрмей өсіп жатқан балалар өте көп. Құқығы тапталған аруларға жәрдем берер арнайы орталықтар да бар. Ол үшін 150 нөміріне хабарласу жеткілікті. Қазақстанның кез-келген аймағынан қоңырау шалу тегін және тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді.