Қазақстандықтар енді Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз кіруге мүмкіндік алды

Сообщить о проблеме с эфиром
Саяхаттауды сүйетіндер мен іскерлік сапарларға жиі шығатындар үшін визаның болмауы қолайлы. Қазақстан қазіргі таңда 50-ден астам елмен визасыз режимге қол қойып үлгерген. Енді ел азаматтары нағашысына барғандай Біріккен Араб Әмірліктерінде емін-еркін 30 күн демалып қайта алады. Айна Досқызы, саяхатшы-блогер: – Меніңше, бұл өте жақсы жаңалық. Себебі, қазақстандықтар БАӘ-не жиі барады. Барғанда жалғыз емес, балаларымен барады. Әр балаға виза жасату қажет, визаның құны 100 доллар. Үш балаң болса, визаға ғана үш жүз доллар кетеді. Құм далада тұрса да, Дубайдың әуежайы әлемдегі транзиттік рейстер ең жиі қонатын әуе порты. Ұшақтан-ұшаққа ауысатын үзіліс сағаттарында, енді қазастандықтар Дубайды тамашалап қайтар мүмкіндік алды. Жалпы еліміз 19 мемлекетпен 90 күнге дейін жарамды визасыз режимге қол жеткізген. Бұл әуе билеттерінің құнына да оң әсер етеді, дейді туроператорлар. Махаббат Жоңқабаева, турагенттіктің директоры: – Біріккен Араб Әмірлігіне қатысты виза режимінің алынуы, ол жаққа баруға ниетті қазақстандықтардың санын өсіреді. Туристер көбейген сайын, әуе билетінің құны түсіп, ол жаққа ұшатын рейстердің саны артуы заңдылық. Экспо-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Қазақстан билігі туристерді тарту мақсатында осындай қадамдарға барғаны түсінікті. Виза алу ісі бір том құжат жинау мен қыруар уақыт шығыны екенін біраз елге бас сұққан болгерлер жақсы біледі. Айна Досқызы, саяхатшы-блогер: – Шенген визасын алу қиын, америкалық виза алу қиын, Британияның визасын алу өте қиын. Виза негізі ыңғайсыз нәрсе. Маған виза бермеді деген кез болған жоқ. Бірақ визаға құжат жинау өте қиын. Елімізде визасыз режим қарым-қатынасын орнатқан шет мемлекеттердің саны өсіп келеді. Дегенмен, құшағын жайып қарсы алатын әр елдің өз текесеруі барын ескеріңіз. Махаббат Жоңқабаева, турагенттіктің директоры: – Қазақстандықтар үшін визасы жоқ елдердің өзге талаптары қатал. Сіздің ол жаққа барғанда тұратын қонақ үйіңіз немесе қарсы алатын туысыңыз туралы ақпараттың растығы тексеріледі. 30 күннен артық қалып қойсаңыз, заң алдында жауап бересіз. Визасыз баса-көктеп кіріп, өзге елде төр менікі деп айта алмасыңыз анық. Дегенмен, біз үшін визасын жойған Біріккен Араб Әмірлігі геосаяси, әрі экономикалық тұрғыда тыныш, жемісті мемлекет болып саналады.