Ева Лонгорияның шақыртуымен Париж төрінде ән салған Димаштың ендігі жоспары қандай?

Сообщить о проблеме с эфиром
Қазақ баласы Голливуд жұлдыздарының қатарында! Ева Лонгорияның шақыртуымен Париж төрінде ән салған Димаштың ендігі жоспары қандай? Күні кеше ғана аспан асты елінің ән әлеміндегі алыптарымен додаға түскен Димаш, енді голливуд жұлдыздарының ортасында. Құдайбергеновті Париж төріне шақырған әйгілі Ева Лонгория қазақ баласына қандай тосын сыйын ұсынды?! Әлем таныған Димаштың ендігі жоспары қандай? Кезінде Әміре Қашаубаевтың әніне тамсанған Париж жұртшылығы, бір ғасырдан соң тағы бір қазақ баласының вокалдық қабілетіне бас иді. Франция астанасында өткен қайырымдылық шараға қатысқан Димаш Құдайбергенов өз елінің абыройын тағы бір мәрте асқақтатып қайтты. Алпамыс Шаримов, Д. Құдайбергеннің PR-менеджері: - Аталмыш шараға Ева Лонгория арнайы шақырды. Оның өнерін көріп, танысу аясында. Өздеріңіз білетіндей бұл үлкен қайырымдылық кеш. Бұл кеште Димаш «All by myself» әнін орындады. Барша келген қонақтардың орындарынан тұрып, қошемет білдіруі деген біз үшін құрмет. Айта кетейік, Global Gift Gala – балалар проблемасының шешу жолдарын ұсынып, отбасы мен әйелдер құқығын қорғауға бағытталған ауқымды жоба! Бұл платформа бизнесмендерді, танымал адамдарды және филантроптардың басын қосады. Ал, аталмыш жобаға Ева Лонгория жетекшілік етіп, қайырымдылық концерттер жыл сайын әлемнің әр түкпірінде өткізіліп отырады. Биыл Париж төрінде ұйымдастырылған іс-шараға қазақ баласының өнерін тамашалау үшін арнайы келген қонақтардың саны еселей түскен! Алпамыс Шаримов, Д. Құдайбергеннің PR-менеджері: - Кеш өте тамаша өтті. Аталмыш кешке әдейі Димашты тыңдау үшін Мексикадан, сонымен қатар Әзірбайжаннан келген қонақтарымыз Димашпен танысып, осы кеште арнайы Димашпен бірге болуы үшін Парижге ұшып келген екен. Голливуд жұлдыздарының ортасында өнер көрсетіп, өзінің ерекше вокалдық қабілетімен тәнті қалған Димашқа Ева Лонгорияның да алғысы шексіз. Тіпті, талантты ұлмен Париж төрінде би биледі. Әлем таныған Димаштың ендігі жоспары «ЕХРО-2017» көрмесінің аясында ұйымдастырылатын жеке концертін абыроймен өткізу. Жас әншінің командасы шоу-концерттің тосын-сыйға толы болатынын жеткізді.