Димаш қытай тілін меңгерудің тың тәсілін тапты

Сообщить о проблеме с эфиром
Димаш Құдайбергенов «I am a singer» жобасының 8-ші айналымында қытайша ән шырқап, келесі кезеңге сүрінбей өткен болатын. Ал, қазақ баласы үшін ханзу тілін меңгеру қаншалықты қиындық туғызуда? Байқаудың бұл кезеңінде отандасымыз 5-ші орынды қанағат тұтты. Димаш Құдайберген 8-ші айналымда аспан асты еліндегі танымал әнші Хан Хонгтың «Таң атты» әнін таңдаған болатын... Димаш Құдайберген, әнші: - Дәл ол кісідей, біреудің орындай алуы екіталай деп ойлаймын. Сол себепті тамаша орындаушының репертуарынан тамаша әнді естіген кезде, әнші болған соң еріксіз орындағың келеді екен. Ең бірінші рет естіген кезде денем тітіркенді... Қытайша ән шырқау қазақ баласы үшін қиындық туғызғанымен, Димаш ханзу тілін меңгерудің тың тәсілін тауып алған... Алпамыс Шаримов, Д. Құдайбергеннің PR-менеджері: - Ойын түрінде үйренеміз көбінесе, бүгін мына сөзді жаттайық деп... Бүгін мына сөзді шығарайық та, әлеуметтік желіге қытайларға «Мен сені сүйемін» дегенді үйретейік қазақша, сосын сол сөзді үйреніп алайық деймізде. «Мен сені сүйемін - о, ай ни», сөйтіп үйретіп жүр де Димаш. Қытайдағы қандасымыз Арай Айдархан, «Мен әншімін» жобасында Димаштың музыкалық кеңесшісі қызметін атқарып қана қоймай, ханзу тілін үйретуге де өз үлесін қосып жүр. Алпамыс Шаримов, Д. Құдайбергеннің PR-менеджері: - Хунан ТВ арнасы Арай бауырымызды шақырды. Себебі, Арай бұрын қытайлық жобаларға қатысқан. Өзіндік танымалдылығы бар. Бұл жерде Арайдың атқаратын қызметі, Димашты бағдарламаға шығарарда хабарлайды жүргізуші есебінде және Димаштың аудармашысы қызметін атқарады жоба барысында. Сонымен қатар, жобадан тыс уақытта да отандасымызға қолдау көрсетіп, көмегін аяған емес. Естеріңізге сала кетсек, дәл осы 8-ші кезеңде Құдайбергеновтің денсаулығы сыр беріп, ойдағыдай өнер көрсете алмаған болатын. Арай Димашпен бірге дәрігердің қабылдауында да болған. 9-шы турда отандасымыз Селин Дионның «All by myself» әнін шырқап 2-ші орынды еншілесе, 10-шы айналымда қытай тіліндегі туындыны орындайтын болады. Ал, «I am a singer» жобасында жүзден жүйрік шыққан Димаш, бүгінде үздіктердің үштігінде көш бастап тұр.