Атағынан ат үркетін жаһандық спикерлердің басын қосқан Еуразия Медиа Форумында не талқыланды?

Сообщить о проблеме с эфиром

Түркияның экс-президенті, Португалияның бұрынғы премьері, Нобель сыйлығының иегері... Бұл Астанада басталған Еуразия Меди Форумының бірқатар спикерлері ғана. Жаһандық медиасаланың майталмандарын тағы қосыңыз. Бұл айтулы шараға РЕВЮ тілшісі де арнайы барды.

Еуразиялық Медиа Форум өз ақпараттық кеңістігінде жыл сайын 60-тан астам елдің 600 делегатының басын қосады. Бұл жерде саясат, дін, экономика, медиа сынды сан алуан саланың алпауыт өкілдері ой толғайды. Шара EXPO-2017 халықаралық көрмесі қарсаңына әдейі орайластырылған.

Дариға Назарбаева «Еуразиялық Медиа Форум» ұйымдастыру комитетінің төрайымы: – Астанаға қош келдіңіздер, 14-ші «Еуразиялық Медиа Форумға қош келдіңіздер». Құрметті қонақтар, біздің қуанышымызды бөлісуге келгендеріңізбен қуаныштымын. Жақсы достармен қуанышты бөлісу оны бірнеше есе көбейте түседі.

Қуанышты бөлісуге келген спикерлер мінбеге шыққанда күрт өзгереді. Себебі, қойылатын сауалдар өткір, талқыға түсетін тақырыптар өзекті.

Руслан Жемков, «Еуразиялық Медиа Форум» халықаралық қорының бас директоры: - Бұл жердегі спикерлер кез-келген жастағы, сан түрлі мамандық иелері болуы мүмкін. Ең маңыздысы миллиондарды толғандыратын тақырыптардың төрелігін айта білсеңіз болды. Кәсіби әрі объективті көзқарастың құны қымбат.

Көзқарастары бағалы саналатын батыс өркениетінің өкілдері бұл медиа форумның басты кейіпкерлері. Дегенмен, қазіргі технологиялық, геосаяси, экономикалық, ақпараттық сала шығыс әлеміне бетбұрыс жасауда.

Шерзодхон Кудратходжаев, халықаралық баспасөз клубының жетекшісі (Өзбекстан): - Бұл форум көпір секілді. Шығыс мәдениеті батыс туралы көп дүние біледі. Олардың өткені мен бүгінінен толық хабардармыз. Олар болса біз жайлы білмейді. Әлеуметтік желісімен, өз мәселелерімен-ақ қарындары тоқ. Енді Батыс үшін де Шығыс туралы білетін уақыт жетті.