«Астана» өз алаңында Юрмалалық «Спартак» футболшыларын ұта алмады

Сообщить о проблеме с эфиром

Футболға деген махаббат мыңдаған елордалық жанкүйерлерді де «Астана аренаға» жиған еді. Бірақ, «Астана» өз алаңында Юрмалалық «Спартак» футболшыларын ұта алмады. Матчтан соң бас бапкер Станимир Стоилов сөзінен реніш пен күдік байқалды...

Юрмала төрінде «Спартак» ұжымын 1-0 есебімен тізе бүктірген «Астана» өз үйіндегі қарымта ойында қарсыласты қалпақпен ұрып алардай көрінген. Бірақ, екінші матчта елордалық жанкүйерлер 1-1 есебін қанағат тұтты. Чемпиондар лигасының үшінші айналымына ілінген «Астанаға» бас бапкері де ренжулі.

Станимир Стойлов, «Астана» ФК бас бапкері: -Келесі айналымға өткенімізге қуаныштымын. Командаға бірнеше ескертуім бар. Олар Қазақстан чемпионатында ойнап жүгендей сезінеді. Бірақ, Чемпиондар лигасы үшін мұндай ойын өрнегі жарамайды. Бізге шабуылды күшейтіп, гол соғатын мүмкіндіктерді жібермеуді үйрену қажет.

«Астана» өз алаңында «Спартактан» бір бас жоғары тұрғанына статистика дәлел. Олар бірінші таймда қарсыластар қақпасына 13 соққы жасады, ал латвиялықтар – бес мәрте. Елордалық аяқдопшыларға бұл көрсеткіш еш нәтижесіз. Тек ойынның 59 минутында Патрик Твумаси есеп ашқан, алайда араға 13 минут сала Эдгар Варданян гол айырмасын теңестірді.

Үшінші айналымда "Астана" Польшалық "Легия" мен Финляндиялық "Мариехамн" жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бірінші ойында поляктар қарсыластарын 3:0 есебімен жеңген болатын.

Марек Зуб, «Спартак» ФК бас бапкері (Латвия): -Бүгін біз өзімізді көрсеттік. Гол жіберіп алғанмыз өкінішті ғана. «Астана» бұл матчта басым болды. Егер де, ол «Легиямен» ойнар болса жеңісіне тек 30 пайыз беремін. Дегенмен, сіздерге сәттілік!

21-шілде күні сырт алаңда «Скендербеу-Қайрат» және « Црвена Звезда-Ертіс» командалары Еуропа лигасы аясындағы қарымта кездесулерін өткізеді.