Аружан Джазылбекова мен Данияр Алшынов бірігіп ауқымды картина таспалауға бекініп отыр!

Сообщить о проблеме с эфиром

Аружан Джазылбекова – продюсер, Данияр Алшынов – режиссер! Қос әртіс бірігіп ауқымды картина таспалауға бекініп отыр! «Больше чем кино» деген дардай атау беруге де жүрексінбепті! Продюсерлік пен режиссерлікті меңгермеген, тәжірбиеден де жұрдай жандардан қандай жауһар дүние күтуге болады?

Продюсерлік пен режиссерліктен мақұрым болса да,Аружан Джазылбекова мен мен Данияр Алшыновтың актерлік шеберлігіне ешкім күмән келтіре қоймас! Бұл алаңда да, олардың дәп өз істерімен айналысып жатқаны анық!

Данияр Алшынов, актер: – Америкада режиссерлікке машықтанып келген жас жігітті сомдаймын. Оның кино түсіруге құлшынысы зор! Бірақ, тәжірбиесі жоқ маманға кім сенім білдіріп, мол қаржы бере қояр дейсіз? Кейіпкерімнің көп қыры өзіме ұқсас.

Асқар Бисембин көрерменіне киноөндірістің «асханасын» таныстырмақ. Түсірілім алаңындағы махаббатқа негізділген жеңіл комедия! Сезімі алабұртқан кейіпкерді сомдау, бойдақ Данияр Алшыновқа қиын болмағаны рас. Дегенмен, жанұялы Аружан Джазылбекова үшін қайта «ғашық» болу оңайға соқпаған.

Аружан Джазылбекова, актриса: – Партнеріңе қарап тұрып, өзімнің сүйіктімді елестетемін. Бұл ғашықтық сезімнің шынайы шығуына жәрдемдеседі. Негізі, Даниярдың өзі де тартымды жігіт қой.

Бұл жолғы жобасының «жүгін» Асқардың өзі жалғыз арқалайды. Сценарий авторы, продюсерлік және режиссерлік міндетті атқарғанымен қатар, өзі тұңғыш рет актер ретінде үлкен экраннан көрінбек.

Асқар Бисембин, режиссер: - Кадр жүріп, бүкіл түсірілім жұмыстарын бақылау да ұстау қиын шаруа. Сондықтан, рөлімді эпизодтық етіп жасадық. Негізі, менен бөлек Ақан Сатаев, Нұртас Адамбаев сынды әріптестерім де бой көрсетеді. Өз-өздерін сомдайтын шоу-бизнес жұлдыздары да жетерлік.

«Больше чем кино» комедиясын Бисембиннің командасы 9 – шы қарашада көрерменмен қауыштыруға ниетті.