Алматыда өзге жануарлар шеруге шықты

Сообщить о проблеме с эфиром

Сөйлейтін піл жайлы фильм түсіріліп жатқанда, Алматыда өзге жануарлар шеруге шықты. Бірақ, олардың мақсаты киноға түсу емес... Оңтүстік астанада хайуанаттардың қатысуымен өткен бұл ерекше кавалькада тұрғындардың таңғалысын оятты. Тілшіміз айтсын...

Алматыда қоңыр аю, алып жылан, қос пони, екі түйе бастаған бір топ хайуанаттар, цирк өнерпаздарымен бірге шеруге шықты. Көше кезген жануарлар керуені тұрғындардың таңданысын тудырмай қоймады. Себебі, көлік жолында цирк кейіпкерлерін көру – өте сирек кездесетін құбылыс.

Бақыт Бөкебаев, Қазақ мемлекеттік циркінің директоры: -Бүгін арнайы цирк кавалькадасын, цирк шеруін өткізіп жатырмыз. Қала тұрғындары көріп, қызығып.. Қала тұрғындары көшеде көре бермейтін жануарларды көріп, бәрі өте үлкен қызығушылық танытып.

Бұл ерекше шеруді қызықтаған қала тұрғындарының ішінде суретке түсушілер қарасы көп. Жануарлар болса адамдарға жарқын көңіл-күй сыйлау миссиясындағы басты рөлдерін сәтті сомдады.

Малика Асатулина, Алматы тұрғыны: -Бұл менің немерелерім! Бізге барлығы қатты ұнады. Мінекей, оларға қол бұлғаймыз.

Сахналарда өнер көрсететін хайуанаттарды, шаһар ішінде еркін сайрандату қалыптасқан қағидаларға жат екені рас. Алайда, цирк өнерпаздары үшін ең бастысы – халықты таңырқата білу!

Серік Ақбаев,Қазақ мемлекеттік циркінің әртісі: -Әрине циркте көріп үйреніп қалған ғой, көшеде көргеннен кейін біртүрлі қызық болады екен. Одан кейін бізге де жақсы, Адамадар көңілдерін көтеріп жүріп жатыр.

Аталмыш шара мақсаты - қазақ мемлекеттік циркінің жаңа бағдарламасын халыққа таныстыру және жұрттың цирк өнеріне деген қызығушылығын арттыру!

-Біздің циркке келіңіздер! Біз сіздерді асыға күтеміз!