vlcsnap-2017-03-17-09h02m30s169

Алматы тұрғыны Вячеслав Попов қазақ тілін алты айда үйренемін деп уәде етті

«Қазақ тілін білмеу өзімнің қамсыздығым» деп ағынан жарылған Вячеслав Попов есімді азаматты, желі қолданушылары қатты қолпаштауда. Бұл мемлекеттік тілді алты айда бес саусағындай біліп шығуға уәдесін де берген. Ал оған тегін ұстаз болуға ниет танытушылардың қатары сағаттап өсуде.

Қазақ тілін үйренсем деп құлшыныс танытқан Вячеслав Попов, бір күнде Қазнетке танылды. Өзге ақпараттық сайттардағы мақалаларды есепке алмағанда, оның Фейсбук парақшасындағы осы тақырыптағы жазбасына 2000 адам лүпіл басып, 550-ден астамы бөліскен.

Вячеслав Попов, Алматы тұрғыны, шағын кәсіпкер:
– Мен қоғам тарапынан мұндай реакция болады деп күтпедім. Қазірдің өзінде қазақ тілін үйретейік деген 50-ден астам ұсыныс келіп түсті. Арнайы мектептердің өзі тегін оқытуға шақырды. Барлығына рақмет. Мен енді біртіндеп сөздерді жаттап, оларды күнделікті қолдану арқылы қазақшамды жетілдіре бастадым.

Вячеслав қызмет барысымен өңірлерді аралап жүріп қазақ тілін білмегендігінен біраз қиындықтарға ұшыраған екен. Енді жария түрде ел алдында сөз беруі, өзіне де қамшы болмақ. Ол аталарына құшақ жайған қазақ халқының тілін бүгін білмеуді ұят деп санайды. Басында өзі де мемлекеттік тілді үйрену қиын деп жасқанған. Енді батыл қадам жасап, жарты жылда қазақша еркін сөйлеуге тиіспін деп өзіне сөз берді.

Вячеслав Попов, Алматы тұрғыны, шағын кәсіпкер:
– Өзім нәпақа тауып жүрген салада адамдармен тіл табысу қиындай бастағандықтан, мен түбегейлі қазақ тілін үйренемін деп шештім. Жергілікті халықтың дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу ол сол ұлттың тілін білуде жатыр. Қазақ тілін үйрену қиын деген стереотипті бұзғым келеді.

Бүгінде кәсіпте, ғылымда, экономикада белсенді түрде қолданылатын қазақ тілінің келешегі жарқын. Оның ауадай қажеттілігін түсініп, үйренуді азаматтық парызы санайтындардың да қатары өскені қуантады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Optionally add an image (JPEG only)