70-ші мерейтойлы Канн фестивалі шымылдығын түрді

Сообщить о проблеме с эфиром
Ницца əуежайы папараццидің тұрақты мекеніне айналған. Канн фестиваліне табан тіреген алғашқы қонақтар Белла Хадид, Джуллиана Мур, Джессика Честейн, Моника Беллуччилар объективке ілініп үлгерді. Соңғысына биылғы фестиваль тізгіні тапсырылған. Актриса қызыл кілем салтанатын, ашылуы мен жабылуын, негізгі кештер мен жиындарды жүргізеді. Мерейтойлық кинобəйгенің символы ретінде Клаудия Кардинале таңдалыпты. Италияндық актрисаның əлемдік киноның дамуына қосқан үлесі ескеріліп, басты постерге 1959 жылы түсірілген суреті бейнеленген. Бүгіннен бастап 28 мамырға дейін жалғасатын кинододаны франциялық режиссер Арно Деплешеннің "Призраки Исмаэля" картинасы ашады. Бұдан бөлек, 18 туынды "Алтын пальма бұтағы" жүлдесі үшін тартысқа түседі. Биылғы мерейтойға орай, 118 грамм таза алтыннан құйылған пальма бұтағы 170 гауһар таспен көмкерілген. Мұндай мүсіншенің құны 20 мың еуроға бағаланып отыр. Биыл тұңғыш рет отандық киногерлер Қазақстанға тиесілі павильонда өз фильмдерін жаһанға таныстырды. Бұдан бөлек, Круазет жағалауында 19-шы мамыр күні біздің тарап қабылдау өткізеді. Сол кеш аясында Димаш Құдайбергенов пен Айман Мұсақожаеваның концерттері өтеді деп жоспарлануда.